«Көлікке бензин емес, азот пайдалану керек» PDF Басу E-mail
Қолданушылардың рейтингі: / 0
ЖаманЖақсы 
Автор: Сұхбаттасқан Елдос Өмірзақұлы   
05.03.2010 11:07

«Ғаламдық жылынудың алдын алу үшін ақ бас Алатауды да әктеп тастау керек», – деп айды аспаннан шығарған эколог әлі де болса, бұл райынан қайта қоймапты. М.Елеусізов өзінің осы ойын ғылыми негіздеп күдікпен қарағандардың күлкісін тыймақ. Тіпті осы ойының растығына жұрттың көзін жеткізу үшін, Алатаудағы сілемдердің бірін өз қолымен әктеп те қайтыпты. ...Орайы келгенде экологтың ойында тағы не барын білмекке тырыстық.

Жас қазақ: Мэлс аға, осы сіздің «ғаламдық жылуды тоқтату үшін, Алатау­ды әктеп тастау керек» деп жүргеніңіз әзіліңіз бе, шыныңыз ба? Шындығында таудағы тастарды әктеп күннің қызуын азайтуға бола ма? 
Мэлс Елеусізов: Иә, таудағы тастарды әктеу керек. Сонда күн сәулесінің 85 пайызы қайта ауаға көтеріледі. Бұл – физика, химия заңдылығы. Ауадан алынып отырған сөз емес. Осыған дейін қанша көмірқышқыл газ, мұнай жақтық. Тоғайларды өртеп ағаштарды қырқып тастадық. Соның бәрі күннің күрт жылуына әкеп отыр. Қазір күн жарты градусқа жылыды. Оны халық сезінбейді. Қазір Еуропа елдерін көріп отырсыздар бірін қар, екіншісін топан су басып  жатыр. Алатаудың еріп жатқанына қырық жыл болды. Бүгінде ол таудың басындағы қардың 40 пайызы еріп үлгерді. Енді Аралдың тұзы таудың мұзына қонып жатыр. Яғни, қардың еру жылдамдығы тағы артады деген сөз. Алатауға Алматы жақын болғандықтан ең бірінші қауіп осы қалаға төнеді. Бірақ ондайға жібермес үшін қазір су тоспалары салынды. Қауіп жалғыз Орта Азияға емес, барлық жерге төніп тұр. Егер Гренландия еритін болса, судың деңгейі жеті метрге көтеріледі. Біздің жеріміздің 65 пайызы шөл дала болып кетті. Суармалы жер жоқтың қасы. Біраз жылда егінімізден айырыламыз. Балқаштан шығып жатқан судан басқа су жоқ. Қалғанның барлығы сырттан келеді. Егер де ғаламдық жылу орын алатын болса, сырттан келетін сулардан да айырыламыз. Сол себептен бұл мәселе төңірегінде жақсылап ойлану керек. Әрине жалғыз Үкімет еш нәрсе істей алмайды. Еліміздің әр тұрғыны жауапкершілікті сезініп жылына бір тал болса да отырғызып тұруы тиіс. 
Жас қазақ: Медеудің төңірегінен жаңадан шаңырақ көтерген  жас жұбай ағаш отырғызу керек деген жобаңыз іске асып жатыр ма?
Мэлс Елеусізов: Әзірге жоба күйінде тұр. Оны іске асыру үшін үлкен қаражат керек. Біз әрқайсысына бір көшеттен дайындап отыра алмаймыз. Бірақ жаңадан бас қосып жатқан жас жұбайлар өздері отырғызса жақсы болар еді. Мен жақында осыдан он жыл бұрын жобаны жаңадан қолға алып жатқанда ағаш отырғызған отбасымен кезігіп қалдым. Олар жанұясымен отырғызған ағаштарына қолы босаған уақыттарында барып су құйып, қарап тұрады екен. Бұл жоба орманды сақтап қалудың бірден бір жолы. Сол себептен де біз одан бас тартпаймыз. Әйтеуір күннің бір күнінде қаржылық жағдайымыз жақсарып, жобаны толықтай іске асыратын боламыз. 
Жас қазақ: Сіз жиі айтып, тіпті дабыл қағып жүретін мәселенің тағы бірі  қоқыстарды, қалдықтарды жою мәселесі. Осы  әңгімеңізден нәтиже шықты ма?
Мэлс Елеусізов: Бұл өте күрделі мәселе. Тамақтың қалдығы шіріген кезде одан метан деген газ шығады. Ол көмір қышқыл газдан жиырма есе зиян. Екінші қалдық су мәселесі. Бізде әр ауданда қалдық су жиналатын қойма бар. Басқа елдерде мұндай жоқ. Бұл сасық су табиғатқа, адам көңіліне жағымсыз әсер етеді. Бірақ бұл ауқымды мәселені түпкілікті жоятын ұсыныстар бізде бар. Көлік қозғалтқыштарын азотпен жүргізу керек деген  ұсыныс тастадық. Алайда екі жыл болды жабулы қазан жабулы қалпында тұр. Мен жақында бұл мәселені Елбасына жеткіздім. Енді жоба іске асатын шығар деген ойдамын. Көліктерді азотпен жүргізетін болсақ мұнай жақпайтын боламыз. Жақында мен бір шенеуніктің жасаған мәлімдемесінен мынадай нәрсені құлағым шалып қалды. Жол апатына түсіп, көз жұмған жасөспірімдерді сойып зерттегенде олардың өкпесі 40 жыл темекі шегіп жүрген адамның өкпесімен тең болып шыққан. Соның бәрі ауаның лас болғандығынан. Бізде метроның да әлі күнге дейін әләуләйі бітпей жүр. Қала ішінде трамвайлардың жолын көбейту керек. Сондай-ақ қоғамдық көліктермен троллейбустарды қолға алғанымыз абзал. Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов велосипед жолдарын жасауды қолға алып жатыр. Бұл да өте жақсы бастама. Жастар жаппай осы велосипедке мінсе, денсаулықтарына да пайдалы болар еді. Қазір таза ауа тек таудың беткейлерінде ғана. Оның өзін халық демалысқа шыққан сайын былғап кетеді. Біраз жылда одан да айырыламыз ба деген қауіп бар. 
Жас қазақ: Былтыр бір әңгіме­лес­кенімізде «Жасылдар» партиясын құру туралы айтып едіңіз. Әлі партия құрыл­мағанына қарағанда, бұл ойыңыз да жоба күйінше қалған сияқты ғой...
Мэлс Елеусізов: Халық саясатқа араласпайды. Батырсынып айтқандары сол айтылған жерде қалады. Уақытысында халық Үкіметті бақылап, уысынан шығармай отырғанда бүгінгі бағытымыз басқаша болар еді. Халық күнделікті жанбағысын ойлайды. Партия халық қолдаған күні ғана құрылады. Қазір «Жасылдар» партиясын құруға әрекеттеніп жатырмыз. Бізде одан басқа да шешетін мәселе көп. Сорбұлақ мәселесін көтеріп жүргеніме жиырма жыл болды. Осыған дейін ешқандай қозғалыс болған жоқ. Енді бұл проблеманы түпкілікті зерттемекпін.
Жас қазақ: «Қызыл кітапқа» енген аң-құстарды, балықтарды жалпы тіршілік атаулыны қорғау керек деген ұран тастайсыз. Өзіңіз үйіңізде бекіре балығын ұстайсыз. Теңізде тайдай тулаған балық, сіздің үйіңіздегі ваннада өзін қалай сезінеді?  
Мэлс Елеусізов: Иә, менің бекіре балығын өсіріп жүргеніме бес жылдан асты. Каспийде заңсыз балық аулап, бекіре тұқымы жойылып бара жатқаннан кейін үйде ұстап, оларды көбейтуді қолға алдым. Бекіренің уылдырығын алу үшін екі завод тұрғызбақ. Бірақ олар балықтың ертеңін ойлап отырған жоқ. Біз ол балықтарды сақтап қалу үшін Каспийден Балқашқа ауыстыру бағдарламасын жасадық. Кезінде бекіре тұқымы азайып бара жатқаннан кейін үйде ұстап, оларды көбейтуді қолға алдым. Соларды асырайтын судың температурасын таппай біраз әлекке түстім. Қазір бекірелерді ваннада өсіріп жатырмын. Бірақ онда оның ұзындығы 30-40 см аспайды. Сол себептен бекіреге ыңғайлап арнайы қауыз жасау керек.
Жас қазақ: Қазір бізде табиғатқа, қоршаған ортаға зиян келтіргендерді жауапқа тартатын арнайы «Экологиялық» Кодекс бар. Осы құжат қаншалықты жүзеге асып жатыр? Бұл сұрақты қоюға әлгінде өзіңіз келтірген деректер, экологиялық түйткілдер түрткі болып отыр...
Мэлс Елеусізов: Біз «Экологиялық» Кодексті қабылдадық. Сондай-ақ қорғалатын аумақтарға қатысты заңдар бар. «Экологиялық» кодексті қабылдауға біраз уақыт кетті. Оны ешкіммен ақылдаспастан тез арада қабылдап тастады. Бұл Кодексте екі кемшілік бар. Біріншіден құжат тек жазалау тұрғысында құралған. Нақты нәтижелер көргіміз келсе, олай болмауы керек. Кодексте Үкіметтің емес халықтың мүддесі қаралса жақсы болар еді. Егер халықты әрдайым жазалай беретін болсақ, заңға бағынбайтын болады. Осыдан барып жемқорлыққа жол ашылады. Екіншіден, төленген айыппұлдың бәрі ортақ қазынаға түседі, аяғында жоқ болып кетеді. Өткен жылы айыппұлдан 66 млрд түскен болатын. Осы ақшаның тек бес пайызы ғана экология мәселесін шешуге бөлінді. Ал қалған ақшаның қайда кетіп жатқанын тірі жан білмейді. Сол себептен де инвестициялық- экологиялық қор құруды ұсындым. Бұл қор экологиялық мәселелерді шешемін деген мекемелерге несие бере алатын еді. Үкімет экологияға келгенде ақшасын аяйды. Бізде осындай қор болғанда аталмыш мекемелер қаржыландырылып отыратын еді. Несие ретінде берілгендіктен ол ақша қайта орнына қайтарылады. Ал қазір экология мүддесін қорғап жүрген мекемелер банктен несие ала алмайды. Себебі одан пайда түсіп жатқан жоқ. Дағдарыс кезінде экология мәселесін шешуде осындай қорлар қажет-ақ.  
   

 

 

Түсініктемелерді қосу


Қорғау коды
Жаңарту


 




GISMETEO: Погода по г. Алматы

http://www.kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

2009 © Аманат медиа Design by KAV