|
Былтыр үкіметтің «Жол картасы» бағдарламасы аясында жерасты су құбырларын ауыстырады дегеннен-ақ Ақтөбедегі «Оторвановка» ауданының тұрғындары бөріктерін аспанға атты. Алайда олардың қуаныштары ұзаққа бармады.
Жаз өтіп, күз басталғаннан-ақ құбырлардан сылдырлап аққан судың жылдамдығы тұрғындардың жүйкесін жұқартып бітті. Ал қыс қаһарына мінгенде «оторвановкалықтар» бұрынғы күнге де зар болып қалды. – «Оторвановка» сөзінің мағынасы «ажыратылған, оқшауландырылған» дегенді білдіреді. Біз де өркениеттің белгілерінен адамыз десек артық айтқандық емес. Тіршілік нәрі – ауызсудың болмауы біз үшін үйреншікті нәрсеге айналып барады. Сынап бағаны 12 градусқа дейін төмендеді – «Оторвановка» ауызсусыз қалды дей беріңіз. Бастапқыда сыздықтап ағатын еді, қазір мүлдем тоқтап қалды, – дейді Сағи Жиенбаев атындағы көшенің тұрғыны Нұргүл Рахметоллақызы. Тұрғындардың айтуынша, су жаңа құбырлар күз айларының алғашқы күндерінде-ақ сыр бере бастапты. – Біз су жеткізу мекемесі – «Ақбұлақ» акционерлік қоғамына дереу қоңырау шалдық. Олар мердігер компанияға сілтейді. Мердігер мекеме тағы басқасына жөн сілтеді. Айналып келіп, диспетчерге хабарласқанымызда, «орталықта су бар, басқа ештеңе білмедім» деп қысқа қайырды, – дейді осы маңның тағы бір тұрғыны Мақсат Қалтаев. – Былтыр құбырларды ауыстырғанда, біздің топшылауымызша, оны жер бетіне жақын көмген. Бұл жерде, құрылыс талаптары ескерілмегенге ұқсайды. Арнайы стандарттар болуы керек емес пе?! «Ақбұлақ» мекемесінің мамандары келіп, құдықтарға да түсті. Әзірге түк бітірмеді. Сағи Жиенбаев көшесі бойындағы тұрғындар су құбырларының кеңес дәуірінен бері тек былтыр «Жол картасы» бағдарламасы аясында ауыстырылғандығын айтады. Рас, оған дейін де олар қарап отырмағанға ұқсайды. Су тапшылығы мәселесі ушыққанда көше бойы тұрғындар 100-120 мың теңгеге дейін шығынданып жүйені жөнге келтіріп отырған. Ал қазіргідей, аязды күндері құбырлар қатып қалғанда, тұрғындар құдыққа түсіп, құбырларды қыздырумен әлек. Көше бойы үш құдыққа көршілер кезектесіп түсіп, өзара ұялы байланыс арқылы жұмыстарының қай сатыда екендігі туралы хабар беріп отырды. Тіпті бір тұрғын құдықтың қақпағы қатып қалмасын деген оймен сыртына көрпе жауып қойыпты. Екі күннің бірінде ашылатын құқық қақпағы сіресіп қалмаса деген ойдан осындай амалдарға барып отырса керек. Бүгінде, «Оторвановка» ауданы тұрғындарының бір талабы – қыс өткенше ауыз судың бірқалыпты жетіп тұруын қамтамасыз ету. «Ал жер қарайған соң, сапасыз қытайлық құбырларды оңды баламасымен ауыстыру керек», – дейді олар. Дәл қазіргі таңда Ақтөбе қаласы бойынша қанша метр құбырдың аязға шыдамай қатып, неше отбасының сусыз қалғаны жөнінде мәліметтер жаңару үстінде. Облыс орталығының жеке массивтерінде тағы да су құбырлары қатып, ауызсусыз қалып отырғандар саны көбею үстінде. Айта кетейік, жергілікті атқару органынан тараған ресми мәліметтерге сүйенсек, былтыр Ақтөбе қаласына «Жол картасы» бағдарламасы аясында 8 миллиард теңге қарастырылған. Оның 5 миллиард теңгеден астамы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық секторына бөлінген. Соның ішінде 4 миллиард теңгесі қаладағы сумен жабдықтау жүйесін жаңартуға, 1 миллиард теңгесі жылу трассаларын жөндеуге жұмсалды.
Ақтөбе |