Қазақтың қартасын жеп, қазанына түкіретіндер PDF Басу E-mail
Қолданушылардың рейтингі: / 0
ЖаманЖақсы 
Автор: Балташ ТҰРСЫМБАЕВ, саясаткер   
26.02.2010 14:23

Швейцарияда шалқып, Түркияда тайраңдағандар
Ұлттың ұранын ту етіп, қоғамның тәрбиешісіне айналған қазақ әйелдері кеше қандай еді? Ал қазір ше? Оларды билікке аралассын дедік. Жарайды. Алайда «алаяқ әйелдер» деген ұғым қазақтың түсінігіне жат еді.

Ал қазіргі әйелдеріміздің қоғамға «үлгі» болып жатқан сиқы анау. Олар қайдан келді? Мұндай «кәнігі» кадрларды дайындап жатқан – үкімет. Жерден еңкейіп көлденең шөп алып көрмеген Майра Құрманғалиева, әнеугүні газеттен оқып қалдым, байлардың Отаны – Канн қаласынан 35 млн еуроға вилла сатып алыпты. Жер қазып тапты ма, қой бағып байыды ма, зауыт салып аяғынан тұрып кетті ме, оны тексеріп жатқан ешкім жоқ. Ал М.Құрманғалиева, біздің құқық қорғаушысымақтардың айтуынша, шетелде шекесі шылқып өмір сүріп жатыр екен. Бұл не? Сонда бізде сот жоқ па, прокуратура жоқ па? Әлгі ҰҚК қайда қарап отыр? Неге алып келмейді оны? Іздеп те жатқан ешкім жоқ. Ұрлады, жеді, бүлдірді, кетті. Анар Мешімбаева. Ол да шетелде қашып жүр. Түркияда бой тасалап жүр деген әңгіме шыққан. Ал жақында Алматы облысы Қарасай ауданында Салтанат Қонақова деген келіншектің 250 адамды алдағанын газеттер жарысып жазды. Ол адамдарға «жер беремін» деп олардың 840 мың долларын қағып алған. Ғасырлар бойы біздің әйелдер осындай жемқорлықпен айналысып көрді ме? Жоқ. Қарнын халықтың ақшасымен толтырған олар ертең қалай бала тәрбиелемек? Бесікті қалайша тербетеді? 
Алматы қаласының бұрынғы әкімі Виктор Храпуновты қараңыз. Қайбір күні газеттен оның әлемнің ең бай азаматтарының қатарына қосылғаны туралы мақала оқып қалдым. Оның маңдай тері қай жерде көл болып төгіліпті?
Әлде Билл Гейтс секілді әлемге жаңалық әкелді ме? Түк істеген жоқ. Қазақтың жерін қазаққа сатты да, шетелге тайып тұрды. Швейцариялықтар аң-таң. «Мынау қайдан келген миллиардер?» – деп отыр олар. Оны билік қолынан келсе, елге қайтарып әкеліп, халықтың алдында есеп бергізсін. Менің ойымша, ол өмір бойы шетелге қашу үшін дайындалған. Ал қазір Швейцарияда шалқып жүр. Шетелдікдер Қазақстан жайлы осыдан кейін не ойлауы мүмкін? Кезінде биліктің табанын жалаған Храпунов сияқтылар қазір қазақтың атына кір келтіруде.
Бір күндік есеппен «ақталдым» деу – әурешілік
Әкімдердің халық алдында есеп беріп жүргендеріне бес жыл болыпты. Оны кейбір әккі саясаткерлер: «Бұл – билік пен бұқараны жақындастырудың жолы», – деген бірдеңені бықсытып жүр. Мен олай ойламаймын. Есеп берудің өзі алдын ала есептеліп қояды. «Жарты» патшалардың (әкімдердің) тісқаққан «нөкерлері» сұрақты сценарий бойынша қойғызады. Әкім есебі қол шапалақтаудан ары аспай қалады. Билік басындағылардың түкірігін жерге түсірмей «қағып» алатын кейбір ақпарат құралдары оны жерден жеті қоян тапқандай жарысып жазады, айтады. «Ойбай, бәрі тамаша өтті, бәрі керемет», – деп. Олардың жазып жүрген Қазақстанында мен де өмір сүргім келеді. Ол мықты әкім болса, барлық ақпарат құралдарын шақырсын да, есеп берсін. Жылына бір рет есеп беріп, ағайынның алдында ақталдым деп ойламасын. Алматыдағы Республика сарайына миллоннан асатын халықтың қайсысын сыйғызасыз? Сондықтан есеп беру бір емес, үш-төрт күнге созылуы тиіс. 365 күннің үш күнін қиса, оның ештеңесі кетпейді. Бірақ олар халықпен тура кездесуге қорқады. Айтатын әңгімесі жоқ. Дәлелі жоқ. Көзбояйтын есепті тоқтату керек. Не есепті дұрыс беру керек, не бермеу керек. Не болмаса әкім айтсын: «Мені халық емес, Президент тағайындады. Сендерге берер есебім жоқ. Сұрақтарың болса, Президентке барыңдар», – деп.
Үкімет күллі халыққа күлкі болмауы керек
Саяси элита деген сөз бар. Мен оны, шынымды айтсам, айтуға ұяламын. Кешегі Кеңестен қалған фабрикалар мен кеңшарларды өздеріне жекешелендіріп, оны сатып, байып, енді елді басқарып отырған адамдарды саяси элита өкілі деп айтуға ауыз бармайды. Ол қандай элита? Олар – жыл­постар. Нағыз саяси элитаның көрінісі – халыққа, ұлтқа, тілге, мәдениетке жаны ашуында. Ал саяси элитамын деп мұрнын әуелетіп жүргендер сол өзінің тілін де дұрыстап білмейді. Шындық қай жерді болсын жарып шығады. Қазақ тілін білмей, бірдеңені шүлдірлеп, халыққа күлкі болып жүрген Үкіметтен не күтесіз? Үкімет ешқашан халыққа мазақ болмауы керек. Ал олардың беделі қайсы? Біздің мемлекеттің құрылтайшысы – қазақ халқы. Ал қазақ болып, қазақша міңгірлей де алмау – ұят.      
Ішкен құдығына түкіретіндерге біздің қоғамда орын жоқ!
«Новое поколение» газетінің бас редакторы Сергей Апариннің шетелдік басылымға берген бықсық сұхбатын қайбір күні газеттен оқып қалдым. Қазақ қоғамына, оның ішінде қазақтілді ақпарат құралдарына баға беретін Сергей Апарин деген кім? Оның тірегі кім? «Крышасы» қайда? Алдымен соларды табу керек. Ондай қыңыр көзқарасты адамдарға қазақ қоғамында орын жоқ. Ол міндетті түрде елден қуылуы тиіс. Оны ұру керек, соғу керек, шекесін тесу керек деп айтпаймын. Бірақ ол ешқандай қызметке алынбауы тиіс. Оның газеті кімнің қаржысымен шығып жатыр? Әрине, біздің мемлекеттің ақшасымен. Біздің салық төлеуші халықтың есебінен қарнын тойдырып отырған ол, бала-шағасын да асырап отыр. Оның газетіне тендер беретін біздің тиісті мекемелерді түсінбеймін. Қазақ газеттерін шетелдіктердің алдына жығып беріп, олар Қазақстанға келіп, тайраңдап жүруі керек пе? Әйтпесе сол Латвиясына барсын. Сонда бас редактор болсын. Онда латыштарды қолдай ма, әлде орыстардың қолтығына тығыла ма, оны өзі білсін. Ал біздің қоғамда қазақтың қартасын жеп, қазанына түкіретін ондай адамдар үшін орын болмауы тиіс. Орын болуы керек. Қай жерде? Қолына сыпырғы ұстатып, саябақтың қоқысын тазалатып қою керек. Оның ендігі қызметі сол болсын. Ал басқа жерде оған орын жоқ.
Ауылдағы қараша қара нанға қарын тойдырып жүр
Біз ауыл шарушылығы өнімдерінің сапасын көтермейтін болсақ, халықтың қажетін өзіміз өтемейтін болсақ, біздің жағдайымыз ешқашан түзелмейді. Көктем келе жатыр. Тағы да бидайымыз бен мақтамызды биылғыдай қардың астына қалдыратын болсақ, онда несібемізден айырыламыз. Ауыл шарушылығы саласына шынайы бет бұрмай, бөлінген қаржыны орта жолда «қылқыта» беретін болсақ, мұның түбі жақсылыққа апармайды. Жаңа технологияны қазақтың ауыл шарушылығына енгізсек, онда бұл салада жаңа бетбұрыстар пайда болар еді. Ал егер жабулы қазан жабулы күйінде қалып, ауыл шаруашылығы тәй-тәй басқан қадамын нықтап баспаса, онда ілгері жүрем деу – бос сөз. Қаладағылар «сникерсін» жеп, «кока коласын» ішіп, ал ауылдағы қарашалар қара нанға қарнын тойдырып жүре беретін болса, ешқайда бармаймыз. Ауыл шарушылығы саласына қан жүгірту – Үкіметтің қолында, шенеуніктердің қолында. Бүгінде айтып жатыр, банктерімізде ауыл шарушылығын, басқа саланы дамытуға бөлінген 10-11 млрд доллар дайын тұр. Егер ол тиісті жеріне жетіп, халықтың қолына тиетін болса, мен оған қуанар едім. Өкінішке қарай, ол өндіріспен айналысып жатқан ағайынның қолына жетпейді. Шенеуніктердің қолынан, әкімдердің «сүзгісінен» өтіп, жұртқа жететін ақша – тиын ғана. Тиынмен ол не істей алады? Түк те істей алмайды. Бұл саланың бүгінде ахуалы ауыр. Ол өзінің кезінде жеткен деңгейіне де жете алмауда.
«...Билік білгенін қылсын» десе, дұрыс болмас еді
Оппозицияның беделі түсті деп жүргендермен келіспеймін. Керісінше, жұрт оппозицияның барына рақмет айтуы керек. Жақында Түрікменстан Президентінің сұхбатын оқып қалдым. Ол: «Мен оппозицияға қатты сенім білдіремін. Егер бізде оппозициялық бағыттағы партиялар тіркелетін болса, мен оған қатты қуанар едім. Сонда біздің қоғам дамитын еді», – деді. Оның президент болғанына көп бола қойған жоқ. Соған қарамастан, оппозицияның керек екенін түсінген болар деп ойлаймын. Кім білсін, мүмкін, әдейі айтты ма екен, «ертең кім маған қарсы шықса, басын жарамын» дегенді меңзеген де болар. Бізде оппозиция бар. Құдайға шүкір. Шамасы келгенше, қимылдап жатыр. Ал егер бәрі «билік білгенін қылсын» деп оның қолшоқпары болып кеткенде, ол дұрыс болмас еді. Қоғамда әр түрлі әңгіме бар. Оппозицияның басы бірікпей жатыр деген сөз де шыққан. Менің ойымша, оппозиция бірігіп, қоғам түзелсін деген ниетпен мүмкіндігінше өзінің миссиясын атқарып жатыр.
Өзге ұлттар – кеңесші, ал қазақтар – күзетші
Жүзге, руға бөліну – қоғамның даму дөңгелегін кері айналдыратыны анық. Руға бөлінгендер бетжыртысып, қырық пышақ болып жатпағанымен, бұл мәселе қазанның ішінде қайнап жатыр. Әр қазақ кез келген қызметтің құлағын ұстауға құқылы. Креслоға отырған адамның өз жерлестерін жан-жағына жинауы – жақсылық емес. Оны қою керек. Асылында, мұны әуелде биліктің өзі бастады. Команда дегенді шығарды. Командасы – руы. Бұл не деген сұмдық? Егер билік бұл әдетін қоймаса, халықтың арасындағы наразылық өрши береді. Іскерлері іс таппай, жатыпішерлері жұмыстан шықпай жатқаны – сол рушылдықтың айқын көрінісі.
Қазақ әр салада өзге ұлттардан артық болмаса, кем болмауы керек. Ұлт дамымай, жастарымыз базардың маңайында тәшкі сүйреуден ары аса алмай, әркімнің есігінің алдында жер қазып, қолдарына жалтақтап жүре беретін болса, біз бәсекеге ешқашан қабілетті бола алмаймыз. Мықты кеңселерге барсаң, жақсы-жақсы жұмыс істеп, директорға кеңесші болып отырғандар – өзге ұлттар, ал қазақтарға бұйырғаны – кеңсе күзетшісі.

 

Түсініктемелерді қосу


Қорғау коды
Жаңарту


 




GISMETEO: Погода по г. Алматы

http://www.kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

2009 © Аманат медиа Design by KAV