Жастарды жұмыспен жарылқаудың жеті жолы PDF Басу E-mail
Қолданушылардың рейтингі: / 1
ЖаманЖақсы 
Автор: Мұрат Әбенов, Мәжіліс депутаты   
26.02.2010 14:20

Соңғы он жылдықтар тәжірибесі  аса жылдам өзгеріп жатқан әлемде қай ел дамудың стратегиялық басымдығы ретінде инновациялық қабілет-қарымды айқындап, ұтымды пайдаланса және оған жігерлі жастарды араластырса, сол елдің дамуы да  мықты, жетілуі де нығыз  болатынын көрсетіп отыр.

Осыған орай әлеуметтік маңызды және әлеуметтік пайдалы қызметке студент жастарды молынан тартып, мемлекеттік жастар саясатында нақты әлеуметтік механизмдер жасауға әбден болады. Осындай механизмдердің бірі – студенттік отряд қозғалыстарын жандандыру.
Студенттік отрядтар қозғалысы экономиканың түрлі саласына кадрлық резерв жасауға ықпал етеді әрі жастардың әлеуметтік маңызды шешімдерге араласуын жеделдетеді. Мұның өзі жастардың көзқарасының кәсіби түрде қалыптасуына  әсер етеді. Сондай-ақ жастар студенттік отрядтарға қатысу арқылы еңбек тәжірибесінен өтеді  және материалдық жағдайын жақсартуға мүмкіншілік алады.
Бұған қоса студенттік отрядтардың мүмкіншілігін  тиімді пайдалану болашақта ауылдық жерлерге қажетті мамандарды тартуға және ішкі миграциялық саясатты оңтайлы шешуге пайдалы болмақ. Құрылыс отрядтарының қызметін жандандыру сондай-ақ сыртқы еңбек миграциясының деңгейіне әсер етпек. Жаз айларында көрші елдерден құрылысқа мигранттар ағылып келеді. Табыс тауып, тойынғаннан кейін олардың  көбі өз еліне қайтқылары келмей,  елдегі қылмыстық жағдайды ушықтырады.
Біреу білер, біреу білмес, бұрынғы кеңестік дәуірдің студенттік отряд қозғалысының тарихы Қазақстаннан бастау алады. Өткен жылы студенттік отряд қызметінің 50 жылдығына орай Петропавл қаласында іс-шаралар ұйымдастырылды. Өйткені алғаш рет 1959 жылы Солтүстік Қазақстан облысының Булаево поселкесіне Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті жанынан құрылған студенттік отряд жіберілген еді. 
Осы бір игі дәстүр Қазақстанда қайтадан жаңғыра және дами бастады. Өткен жылғы еңбек семестрінде еліміз бойынша 935 студенттік отряд жасақталып, оған 25 мың студент тартылды. 2008 жылдың жаз мезгілінде студенттік отряд мүшелері 1,5 млрд теңге қаржы тапқан.
Дегенмен қазіргі жағдайды ой елегінен өткізіп, талдағанда көз жеткізгеніміз, студенттік отряд жұмысын ұйымдастыруда кемшілік көп. Білім және ғылым министрлігінен басқа құзырлы мекемелер мен жергілікті билік студент отрядтарын жұмыспен қамтамасыз етуге құлшыныс танытпай отыр. Демек, ірі инвестициялық жобаларды жоспарлағанда және оны жүзеге асыру барысында әрі бюджет қаржысын пайдаланатын кезде студенттік отрядтар мүлдем тартылмайды деген сөз. Мысалы, 2009 жылдың мамыр айында Елбасы Н.Назарбаев республикалық телеарналарға берген сұхбатында «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық транзиттік дәлізін кезіндегі Түрксібпен және кеңестік дәуірде дүрілдеген атақты БАМ құрылысымен  салыстырған еді және жастарды осы ірі жобаға атсалысуына шақырған-ды. Алайда арада он ай уақыт өтсе де, Мемлекет басшысының бастамасын қолдап отырған ешкімді байқамадық. Сондай-ақ студенттік құрылыс отрядтарымен арада дайындық жұмыстары жүргізіліп жатқан жоқ. Азиада ойыны өтетін құрылыстарға,  «100 мектеп, 100 аурухана» және басқа да инфрақұрылымдық жобаларға студенттер қажетті мөлшерде тартылып отырған жоқ. Тарту туралы тіпті әңгіме де қозғалғанын естімедік.
Студенттік құрылыс отрядтарын кезінде «Дипломмен ауылға» әлеуметтік жобасы бойынша елге барып жатқан жас кадрларға үй салу құрылысына  жұмылдыру туралы әңгіме болған. Жоба бойынша жас отбасыға үй сатып алуға ақша бөлінеді. Көптеген ауылдарда, әсіресе, оңтүстік өңірде адам тұруға лайық бос үйлер аз. Осының салдарынан жастар амалсыздан ескі үй немесе «қоржын там» сатып алуға мәжбүр. Әлгі жас отбасы мұнда 15 жыл бойы тұруы тиіс (несие осындай уақытқа беріледі). Бұл кезде оның қалалық  құрдастары  мемлекеттік бағдарлама арқылы су жаңа пәтерге ие болып жатады. Осындай қарама-қайшылық кәсіби біліктілігі жоғары маманды ауылдық жерлерге тартуға және тұрақтандыруға қиындық тудырады. Үкімет тарапынан кешенді іс-қимыл болса, құрылыс отрядтары мен жастарды ауылға тарту идеясын біріктіруге болар еді.
 Өкінішке қарай, экономиканың әр саласында студенттік отрядтар құру мүмкіншілігі пайдаланылмай отыр. Мысалы, өткен жылдың тәжірибесіне сүйене отырып, студенттерді ауыл шаруашылық және жолаушылар тасымалының  мерзімдік жұмыстарына тартуға болар еді. Сондай-ақ студенттерді бос уақытында өзі оқып жүрген жоғарғы оқу орнының жұмыстарына икемдеу, әсіресе, әлеуметтік сала бойынша (мысалы, кіші медицина қызметкері, сырқаттар мен қарттардың күтімі, балалар мен жасөспірімдердің демалысын ұйымдастыру) жұмысқа тартуға, араластыруға құлшыныс байқалмайды. Осының кесірінен біздің қаншама студент жастарымыз, жалпы, жастар жұмыс таба алмай, қиналып жүр.
Бүгінгі қоғамның осындай келелі, өзекті мәселесін ескере отырып, жастардың әлеуметтік түйткілін шешу мақсатында студенттік отрядтардың жұмысын  тиімді пайдалану үшін мынадай  ұсыныс айтамын:

1. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық транзиттік дәлізі, Азиада нысандарының құрылысын салу және газ құбырларын тарту, төсеу жобаларына, тағы басқа ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыру барысында жұмыс көлеміне берілген квотаға сәйкес, студенттік отрядтарды тарту тәртібі мен құрылымын жасаған абзал. 

2. «Жол картасы» және «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы бойынша әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру барысына студенттік еңбек отрядтарын тарту мүмкіндігін қарастыру қажет.

3. Бірінші наурызға дейін жыл сайын жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын жұмыстарға студент отрядтарын тартуды және оларға  берілетін жұмыс түрлерін анықтауды  жергілікті атқару органдарының жетекшілеріне тапсыру.

4. Мемлекеттік бюджет есебінен жүргізілетін құрылыс нысандарының конкурстық құжаттарын жасау барысында техникалық тапсырмаларға студенттік құрылыс отрядтарын тарту мүмкіншілігін қарастырған дұрыс.

5. «Дипломмен – ауылға» жобасын іске асыру аясында үй сатып алуға қарастырылған қаржыны игеруге студенттік құрылыс отрядтарын жұмылдыруды және ауыл шаруашылығы өндірісіне арнап жазғы еңбек лагерьлерін ұйымдастыру мүмкіншілігін қарастыру керек.

6. Кедендік одақ шеңберінде мүше елдермен өзара студенттік отрядтармен алмасу тәжірибесін енгізуге ұмтылған жөн.

7. Студенттік отряд бағытын нақты   мамандану және әр тараптандыру мәселесін қарауға күш салған орынды.

Осы мәселе толық қолға алынып, нақты іс-әрекетке көшкенде ғана біз студент отрядтарының жұмысын әрі тиімді, әрі ұтымды пайдалана аламыз.

 

Түсініктемелерді қосу


Қорғау коды
Жаңарту


 




GISMETEO: Погода по г. Алматы

http://www.kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

2009 © Аманат медиа Design by KAV