«Көлден тамшы бұйырмас шөлдегенде...» PDF Басу E-mail
Қолданушылардың рейтингі: / 4
ЖаманЖақсы 
Автор: Нұрбол Алманов, «Нұр Отан» ХДП жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы медиаорталық жетекшісінің орынбасары   
05.02.2010 12:20

«Қытайлар Тобыл өзенінің орыстарға тие­сілі бөлігінен майда шабақты көп мөлшерде сатып алуда. Оны Хуанхэ өзені бойындағы балық шаруашылығы тоғандарында өсіреді. Сосын тегі ресейлік сол балықты орыстың өзіне қымбат бағаға сатады».
(Мәскеулік бір басылымнан)

Ел аузында ертеден қалған бір әңгіме бар. Каспий жағалауындағы балықшылар ауылының бір қызы Ұлытау жаққа ұзатылыпты. Барған жері бақуатты, ит басына іркіті төгіліп жатқан бай ауыл болса керек.

Бірақ жас келінге малды ауылдың қазысы мен қартасы да, қымызы мен қымыраны да, қоңыр қойының қою сүті де, құйрық майы да ұнамапты. Бірер жылдан кейін қыз төркініне сәлем айтыпты. «Көк серкенің сорпасын ішіп өскен маған қойдың еті қолаңса татып жүр» деп. Бұл әншейін әңгімеге кіріспе. Әйтпесе біз әңгіме қылайын деп отырған ауылдың тұрғындары көксеркенің сорпасын ішпек түгіл, көлдегі тайдай тулаған балыққа көз сатып қана отыр. Қарағанды облысында етегін Балқаш көліне малып, арқасын Арқаға сүйеген Тасарал деген ауыл бар. Ақтоғай ауданына қарайды. Осындағы жұрт ата-бабасынан бері балықшы. Тіпті өткен ғасырдың 30-жылдары қолдан жасалған «Ұлы жұт» тұсында да мұндағы жұрт киелі көлді талғажау етіп, аштықтан аман қалыпты. Сол Голощёкиннің аштық құрсауынан аман құтылған ауыл мынау бейбіт заманда еліміздің Балық шаруашылығы комитетінің солақай саясатынан төрт жылдан бері түлкі құрсақ күй кешіп жүр. Оқырманға түсінікті болуы үшін әңгімені сәл әріден бастайық.

Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты Балық шаруашылығы комитеті  2006 жылы Балқаш көлін жекелеген шаруашылықтарға жалға беру үшін тендер ұйымдастырады. Ал Тасарал ауылының еңбектеген баласынан, еңкейген қариясына дейін бір ғасырдан бері балықшы екенін ескерсек, оларға ескек тартып, ау салып, қармақ тастауды үйретіп жатудың өзі күлкілі. Яғни қажетті құрал-сайманы да, техникасы да, тіпті көлдің жайы мен балықтың жағдайын да министрліктегілерден артық білетін мамандары да жеткілікті болатын. Ауылдағы 80 үйдің әрқайсысынан кемі бір-екі балықшы шығатыны ақиқат. Осыны көңілге медеу еткен Тасарал қарттары «тендердің өткені тіпті жақсы, 70-80 жылдан балық аулап жүрген жерімізді енді заңдастырып аламыз» деп қуанғанын да жасырмайды. Осы ауылдағы «Ағыбай» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің он шақты үлкен кемесі, қажетті құрал-сайманы, тіпті жаздың аптап ыстығында тағамның бұзылып кетпеуіне жол бермейтін  тоңазытқыштары да болған. Олардың балық шаруашылығы комитеті белгілеп беретін 50 телімнің /участок/ біреуі болмаса, біреуі тиетініне күмән болмайтын. Бірақ балықшының болжамын комитеттің жоспары күл-талқан етті. Өмір бойы көл жағалап күнелтіп келген тасаралдықтар тендер қорытындысы жарияланғанда, тақырға қалай отырғанын да білмей қалды. 16 мың шаршы шақырым көл аумағынан тоқымдай мүйіс те бұйырмапты.
«Нарық заңы ғой, бәлкім, мүмкіндігі мол, құрал-сайманы сайлы шаруашылықтар иемденіп кеткен шығар?» деген сауалымызға Тасарал ауылының ақсақалдары: «Қайта солай болғаны жақсы еді. Қазір тендерді жеңіп алғандардың арасында түбі тесік қайығы жоқтар да жүр», – деп күйіп-піседі. 2006 жылдан бергі төрт жылда Балқаштың балығын ауламақ түгіл, жағасына келіп қарасын көрсетпеген ептілер де жетерлік. Тасаралдықтардың қазіргі күйі Абайдың өлеңіндегідей: «Өзімдікі дей алмай өз малымды, Түнде ұйқың бұзылды, күндіз күлкің...». Кетеуі кеткен тірлікті «Ағыбай» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Жамантай Бижанов былай әңгімеледі: «Балқаш қаласының тұсында Томар деген жер бар, осы біздің ауылға дейін 120-130 шақырым болады.  Тіпті 150 шақырымдай болатын шығар. Балық аулайтын жерді біреулер тендермен алып алған. Бірақ осы күнге дейін қарасын көрсеткен жан жоқ, төрт жыл болды. Балық аулайын десең, біреудің жері, балық инспекторлары ұстап алса, айыппұл салады. Не өздері ауламайды, не өзгеге аулатпайды». 
Осы мәселеге қатысты Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты Балық шаруашылығы комитеті төрағасының орынбасары Әзіс Шотқараев мырзаға хабарласқанымызда: – Тендерге қатысамын деген мекеменің құжаты дұрыс болса, мен оған қарсы келе алмаймын, – деді. «Айласын асырғандар тендерге барғанда, «10 емес, 20 кемем, 2-3 тоңазытқышым бар, балықшыларым жетеді» деп құжатын тапсырады, сөйтіп, аяқастынан «бағы жанған». Ал оның, расында да, бар-жоғын анықтайтын, тексеретін құзырлы мекеме қайда қараған?»  деп қынжылады тасаралдықтар.
Өңірдегі ең ірі «Балқашбалық» кәсіпорнын басқарып отырған Ахат Құспаев та «2006 жылдың тендері әділ өтпеді, «бармақ басты, көз қысты»,  Балқаштың байлығы «ұстағанның қолында тістегеннің аузында» кетті» деген уәжін айтады. «Сол тендерден жеңіп шыққан мекемелердің 70 пайызының күні бүгінге дейін қайығы да жоқ. Жыртық ау түгіл, балықшы мамандары мүлде жоқ», – дейді Ахат мырза.
1200 тонналық тоңазытқыш цехы бар, бір мың тонна балықты тұздайтын қоймасы, сондай-ақ бір жарым мың тонна балық өнімдерін кептіретін, өңдейтін арнайы жабдықталған цехтары бар, мұның сыртында Балқаш көлінде 40 тонналық тоңазытқышпен жабдықталған кемесі бар жалғыз кәсіпорын – «Балқашбалықтың» өзі байқауда бармағын тістеген... Тіпті тендерде қосымша телім тиіп қалар деп отырғанда, өзіне тиесілі аумақтың  60 пайызынан  айырылып қалыпты. Соның салдарынан 2006 жылға дейін 7 мың тонна балық аулайтын кәсіпорынның көрсеткіші 7 есеге төмендеп, енді мың тоннаны қанағат тұтып, «шықпа, жаным, шықпаның» күйін кешкен жайы бар. Ахат Құспаев өмір бойы балық шаруашылығымен айналысып келген ауылдардың қазір отбасын асырай алмай қалған жағдайын айтып ашынады. Қазір сондай ауылдардан шыққан бес-алты бригадаға ауыл адамдары жалданып, бір-біріне сүйеніш болып, «өз қотырын өздері қасып» жатқан жайы бар. «Балқашбалықтың» жоғарыда айтылған он шақты кемесінің біразының ескегі қурап, желкені жинаулы жатыр. Айласын асырған кәсіпорындардан бір кездегі өздеріне тиесілі жерлерді қайтадан жалға алып, айдынға шыққан болады. Оның өзінде берілген нормадан асып кетпеуі үшін асқан әбжілдікпен «екі шоқып бір қарайды».
Парламент Мәжілісінің депутаты Ерлан Нығматуллин де бұл жағдайдан жақсы хабардар екен. «Тендер бойынша жеңіп алған мекеме уақыт созбай, сол күні-ақ басқа кәсіпорындарға өз учаскесін субарендаға беріп жатады. Бұл саламен жақсы таныс адамдар мұның не үшін жасалатынын жақсы біледі. Осының алдын алу жолдарын қарастыру керек», – дейді депутат. 
Мемлекеттен табиғи ресурсты пайдалануға жалға алған мекемеге балық аулап қана қоймай, көл тазалығын сақтап, балық түрлерінің сиремеуін қадағалау, көлді қарақшылардан қорғау сияқты  міндет қоса жүктеледі. Осы уақыт ішінде өзіне тиесілі көл жағалауынан төбе көрсетпеген жаңа қожайындардан табиғатқа жанашырлықты қалай талап етуге болады? Сондықтан көлдің тазалығын сақтау,  браконьерлерден қорғау жалғыз Балық комитетіне қарасты аумақтардағы инспекторларға жүктелген. Ақтоғай ауданында 16 инспектор бар екен. Олардың әрқайсысына Балқаш көлінен 100 шақырымға жуық аумақты қадағалдау жүктелген. 100 шақырымды күн сайын қарап, қадағаламақ түгіл, барып-келудің өзі инспекторға қиямет-қайым. Өйткені олардың жұмыс киімі, шатыры мен құрал-сайманы жоқ. Тіпті қара жаяу десе де болады. Аудандағы 16 инспекторға осы күнге дейін бірде-бір көлік бөлінбепті. 
Балық инспекторларының жұмысы құқық қорғау қызметкерлерінен  ауыр болмаса, еш кем емес. Қыстың қақаған аязында мұзда, жаздың аптап ыстығында белшеден су кешіп жүргені. Мәжіліс депутаты Ерлан Нығматуллин: «Бұл мәселеге Үкімет назар аударуы тиіс. Шұғыл шешім қабылданып, балық инспекторы керек-жарақпен қамтамасыз етілуі керек», – деген мәлімдеме жасады.
Балықшы да, инспектор да бейнетінің ауырлығына қарамастан, түрлі әлеуметтік жеңілдіктерден тыс қалған. Олар да зейнеткерлікке 63 жасқа толғанда шығады. Яғни қартайып, қауқары қалмаса да, қармағын сүйретіп көлге шығуға мәжбүр (онда да Балқаштан қармақ салатын жер бұйырса).  Ал жасынан толарсақтан су кешіп, өмір бойы өзен жағалаған балықшының 40-45 жаста-ақ буыны сыр беріп, сүйегі сырқырайтыны мәлім. Біз осы сапарда зейнеткерлігін күтіп жүрген 61 жастағы балық инспекторының жүрек талмасымен  ауруханаға түскенін көрдік. Ақсақал осымен екінші рет осындай күйге түсіпті. Алпыстан асқан маманның күн сайын 100 шақырым жерді қалай шарлап қайтатынын көзге елестетудің өзі шетін іс.
«Біздегі балық шаруашылығы бүгінде өгей баланың күйін кешіп отыр», – дейді 30 жылдан бері осы саланың отымен кіріп, күлімен шығып жүрген «Балқашбалық» мекемесінің бастығы Ахат Құспаев. Оның айтуынша, Ауыл шаруашылығы министрлігі өзімен-өзі, ал Балық комитеті өз алдына жеке мекеме сияқты. Өйткені министрдің мал тұқымын асылдандыру туралы, көктемгі егіс пен күзгі жиын-терім науқаны, қырмандағы астық пен алқаптағы «ақ алтын» жайлы айтып жатқанын естиміз. Ал отандық балық шаруашылығы туралы тіс жарып, лебіз білдірмегенін айтады Ахат балықшы. Тіпті тиісті комитеттегілердің өздері балықшының бас ауруынан мүлдем бейхабар секілді. Таңқаларлығы сол, балық шаруашылығы комитеті құрылғалы, елімізде осы салада еңбек етіп жүрген мамандардың, балықшылардың басын қосып, осы ауылды толғандырған күрмеуі көп түйінді тарқататын республикалық деңгейде бірде-бір басқосу болмапты. Мұның барлығына жоғарыда көтерілген балықшылардың жанайқайы дәлел. Осыдан  барып қазақтың «Балық басынан шіриді»  деген қанатты сөзіне тағы да көз жеткізгендейсің. 
 

 

Түсініктемелерді қосу


Қорғау коды
Жаңарту


 




GISMETEO: Погода по г. Алматы

http://www.kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

2009 © Аманат медиа Design by KAV