Түрмеде туған туынды PDF Басу E-mail
Қолданушылардың рейтингі: / 2
ЖаманЖақсы 
Автор: Мұратхан Шоқан   
05.02.2010 12:10

Қырық жыл айдауда жүрген автор өзінің жүріп өткен соқпағын түгелдей қағазға түсіріп, өзі өмір сүріп жатқан қоғамның қарама-қайшылықтарын, қым-қуыт тіршіліктегі кісіліктер мен пендешіліктерді үлкен туынды етіп дүниеге келтірді. Енді осы Қажығұмар Шабданұлы туралы аз-кем ақпарат бере кетейік.

Қажекең 1925 жылы Шығыс Қазақстан облысының Үржар ауданында туылған. 1932 жылдары Кеңестің солақай саясатының салдарынан үдере көшкен елмен бірге 7 жасында Қытай асып кеткен. Айтпақшы, біз әңгіме ғып отырған «Қылмыста» ауған елдің тағдырынан бастап, Қытайға барғаннан кейінгі бастан кешкендері түгелдей, еш боямасыз баяндалған. Қытайдағы 1953 жылдары жүргізілген «Жер реформасындағы» ағаттықтар 1958 жылы жүргізілген «Стиль дұрыстау қозғалысы», «Коммуналасудағы» солшылдықтар, 1966  жылы жүргізілген «Мәдениет зор төңкерісі»  сияқты Қытай өкіметі кейін қате деп тауып,  түзету енгізген көптеген оқиғалар қамтылған. Жас кезінде-ақ түрменің кермегін татып үлгерген жазушы. 1958 жылғы дүрбелең кезінде «ұлтшыл, оңшыл элемент» деп ұсталып кетеді. Жиырма жыл қапаста отырып, 1978 жылы оңшылдарды қалпына келтіргенде бостандыққа шығып, үйіне келеді. Бұл кезде ақсақал атанып, зейнеткерлікке шыққан Қажығұмар Шабданұлы «Қылмыстың» алғашқы үш томын баспаға ұсынады. 1986 жылы «Кеңес Одағының тыңшысы» деген айыппен 15 жылға және ұсталып кете барған. «Құдiретті тергеушім, өтірік айтсам, тас төбемнен ұрыңыз!» «Қылмыстың» бісмілләсі осылай басталған. Адамзат қоғамындағы ағаттықтар мен қателіктердің тергеушісі болғысы келетін адамның (жазушының) тергелушіге айналуынан ауыр нәрсе бар ма? Тарихқа қарасақ, мейлі қайсы ұлтта, қайсы елде болсын адам баласының қолымен құрылған мемлекеттердің мүддесін қорғайтын заңдардың торына түскен, саясаттың салқынына ұрынған адамзаттың ұлы тұлғалары аз ба? Бұл – Адам ата, Хауа ана балаларының ортақ трагедиясы! Енді осы «Қылмыс» романы және оның авторы жайлы Қажы ағаның қызы Жайнар мен қазақтың үлкен жазушысы Қабдеш Жұмаділов бастаған жазушыны жақсы білетін, бір қалада тұрған қаламгерлердің әңгімесінің бір парасын оқырманға ұсынамыз.


Жас қазақ: Қабдеш аға, Қытай­дағы қазақтың ұлы жазушысы Қажығұмар Шабданұлы хақындағы әңгімені сізсіз қаузау мүмкін емес. Қажығұмар ағамен араластығыңыз болған ба? Жақында «Қылмыстың» алты томын шығарып, үлкен игілікті іс тындырдыңыз.  Жазушы және шығармасы жайлы оқырманмен қандай ой бөлісесіз?
Қабдеш Жұмаділов, жазушы:
– Әуелі «Қылмыстың» Қазақстанға келуі оңай болмады. «Қылмысты» әкелген адамдардың кейбіреуі о дүниелік болып кетті. Роман көшенің немесе үйдің нөмірі көрсетілмеген, тек қана «Алматыдағы Қабдеш Жұмаділовке» деген адрес­пен менің қолыма тиіп отырды. «Қылмыстың» алғашқы томдарын  Дүниежүзі қазақтары қауымдастығына тапсырып, алты кітаптан тұратын романның бір-бірлеп басыла беруін сұрадым. Шығарма олардың сейфінде ұзақ жатып қалды. «Роман өте ұзақ екен, осыны үш кітапқа түсіріп қысқартып бермейсіз бе?» деп өтініш жасағандар да болды. Бұл –  әдебиеттен мүлде бейхабар адамның пікірі. Көркем шығарманы өйтуге бола ма? Бұл түрмеде туған теңдессіз еңбек! Маған төте жазумен жазылған романды кириллицаға түсірту, компьютерден шыққан соң әріп қатесін тексеру, түзетілген қателердің дұрыс салынған-салынбағанын қайта-қайта қадағалау оңай болған жоқ. Ал романның шығуы барысында әттеген-ай дейтін іс: мен романды басылуға дайын электронды нұсқа күйінде баспаға тапсырдым. Бірақ кітаптың түсінік сөзінде қателік кеткен. Әлдекім «кітаптың алғашқы екі томынан басқасы еркіндікте жазылған» деп өзгертіпті. 
Өз басым Қажығұмарды бір-ақ рет көрдім. Міне, оған да 55 жыл болыпты. Кейін ол Тарым лагеріне аттанғанда, мен Қазақстанға кеттім. Содан кейін келген-барған адамдардан хабарын біліп тұрдық. «Қажығұмар ұсталып кетіпті» деп бір естідік. Көп жылдан кейін «қайтып келіпті» деп тағы естідік.  «Қылмыс» деген роман жазғанынан да хабардар болып отырдық. Қажығұмардың өмірін түрмесіз елестете алмайсың. Ал Қажығұмардай түрмеде ұзақ отырған жазушы болған емес. Мен алты томға қатысты Қазақстанның мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммедке алғыс білдіремін. Мұхтарға бір жолыққанда «Қылмыс» жайлы айтқанмын. Бірден көмектесетінін білдірді. Кейін Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының баспасынан басылып шығуына қаржы бөлді. Ал шығарманың компьютерде басылуына Талғат Мамырұлы, Алмас Ахметбек сияқты азаматтар жәрдемдесті. Роман – жанрлық жағынан өмірбаяндық шығарма. Аумалы-төкпелі заманда өмір сүрген Шыңжаңдағы қазақтардың, тіпті Шыңжаңдағы барлық ұлттың жарты ғасырлық тіршілік-тынысының картинасы. Қытайдағы қандастарымыздың ауыр тағдыры. Ол баз біреу­лер ойлағандай, жалаң ұлттық жек көрушіліктің, саяси көзқарастың жемісі емес. Өмірдің өзінен туған көркем туынды. «Қылмыс» романы қазір Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылуда. Бұл заңды да. Өйткені мұндай көлемді роман қазақ әдебиетінде бұрын-соңды болған емес. Бұқара Тышқанбаев, Рақыметолла Әпшеұлы, Қаусылқан Қозыбай, Омарғазы Айтан қатарлы жазушылармен бірге Қажекең Шыңжаңның жаңа жазба әдебиетінің негізін салушы болып есептеледі. Жазушыны Қазақстанға, туған жеріне, әкелу үшін талай қадам жасадық... Әзірше нәтижесіз болып тұр. Қазір Қажығұмар 85 жаста. Жазасын толық өтеп болған қарттың туған жеріне оралуына, қол ұшын берсек, Қазақстанға  үлкен абырой болар еді. Биыл Еуропалық одаққа төрағалық етіп жатқанда, Қажығұмардың адамдық құқығы қорғалса нұр үстіне нұр  болар  еді.
Жас қазақ: Сіздер Қытайда Қажекең мен бір қалада тұрғансыздар.  Оқырмандардың көңілінде жүрген бір сұраққа жауап бере кетсеңіздер. Қажекеңнің мінезі, бітім-болымысы туралы не айтасыздар? Мына өздеріңіздің талқыларыңызға тасталып отырған шығарма жайлы да айта отырыңыздар.
Серік Қапшықпай, ақын:
– Сөзімді Қажекеңнің Қазақстанға оралуы туралы көзқарасыммен бастайын. Қабекең дұрыс айтады. Еуропалық одаққа төрағалық етіп жатырмыз, Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы мерекесіне бірер жыл қалды.  Халықаралық беделге ие болдық.  Қажығұмар Шабданұлына,  өкіметіміз бір қолқа салса,  Қазақстанға жіберуі де мүмкін. Өйткені қазір заман өзгерді. Кезіндегідей емес. Қытаймен  көршілік татулығымыз, әртүрлі қарым-қатынасымыз тереңдей түсуде. Қажекең туған жеріне оралса, екі ел  достығының шынайы көрінісі болар еді... Мен Қажекеңмен жақын араластым. Бала кезімнен білем,  таза  киініп,  бипаздай болып  жүретін. Мінезі өте шапшаң кісі. Бірге отырғанда жанымыз мұрнымыздың ұшында тұратын. Егер біреу қитығына тисе, онда шатақ шықты дей бер. Бірақ ешқашан кек сақтамайды. Ешкім де ол кісінің жел жағына шықпайтын. Сонау жылдары «Қылмыс» романының  3-томын жоғалтып, «қылмысты» бола жаздағаным бар. Бірде Қажекеңнің үйіне бардым.  Қажы ағаң сыра қайнататын. Сырадан келістіріп жұтқызды. Әңгіме үстінде Үрімшіге баратынымды айттым. «Қылмыстың» 3-томын баспаға дайындап отыр едім, ала кетіп, бере саласың ба?» деді. Мен қайтарда «Қылмыс» салынған дорбаны  велосипедімнің артына басып алып, келе жатып артыма қарасам, дорба жоқ. Маңдайымнан суық тер сорғалады.  Ішкен сырам бу боп ұшты. Амалсыз жүрген ізіммен кері қайттым. Барсам, Қажекең мен әйелі есік алдында жүр екен. Мені көріп: «Не боп қалды?» – деді. Мен күмілжіп жүздеріне қараймын. Әйелінің жүзінде бір жылылық бар. Сөйтсем, менің жоғалтқан «Қылмысым» Қажекеңе менен бұрын жетіпті. Оны сүт сататын қытай тауып алып, велосипедінің артына басып қойыпты. Ал жеңгеміз сүт алып жатып, адресі жазылған дорбаны танып қойған. Мен «жоғалтып алам» деймін, Қажекең «енді жоғалтуың мүмкін емес» дейді... Сол «Қылмыстың» 3-томы басылып жатқанда Қажекең тағы ұсталып кетті.
Қажекеңмен дәмдес-тұздас болдық. Айта берсек, әңгіме көп. Маған тағы бір әсер еткен нәрсе. Қажекеңе қашан барсаң да,  үстелінің шетінде тек қана «Мың бір түн»  тұратын. Қаз-қатар болып тізілген басқа кітап көрмейсің. «Қылмыстай» үлкен шығарманы еркіндікті аз көрген жазушыға түрмеде отырып жазу оңайға соқпасы анық. Оған Қажекең зерек зердесінің,  қайсар рухының арқасында жеткен. Мен «Қылмысты» бағалап жатқанымыз  өз қадір-қасиетімізді бағалағанымыз деп есептеймін.  
Алмас АХметбекұлы, ақын:   – Әлі есімде Қажекең 1986 жылы 30 желтоқсанда ұсталып кетті. Арада екі-үш айдан кейін, наурызда, Қажекеңнің үлкен қызы ұзатылғалы отырған жеріне – қазақтың ақын азаматы Тілеухан Затыбайұлына тұрмысқа шықты. Сонда Шәушектегі барлық қазақтар тойына қатысты. Қарапайым халықтан тартып, әкімшілік салада істейтіндер де «әй, осынымыз қалай болар екен» деген жоқ. Қажекең өте кішіпейіл кісі, жазу жазып отырып, келген қазақты қабылдап, әңгімелесіп шығарып салатын. Жазушыға сәлем берушілер өте көп болды. Шәушекке келгендер жолығып қайтуды борыш санайтын. Кісілігі аз адамды көрсе,  шап ете түсетін. Бірлі-жарлым адамдарды сабағанына куә болдық. Шәушекте 1985 жылы ақындар айтысы болды. Сонда Қажы ағаң бар,  қонақта отырғанбыз. Бір жазушы келіп отырыстың шырқын бұзды. Аузын былғады. Сол-ақ екен, Қажекең орнынан атып тұрып әлгіні шапалақпен бір тартып ала жөнелді. Қайтып кеп айтты: «Ол бізді жын болып соғып кетіп еді, мен оны пері болып қағып қайттым», – деп. Біз Қажекеңе қолғанат болдық, талай сапарда бірге жүрдік. Ішкі рухымызбен табындық.
Ал «Қылмыс» романы – қазақ әдебиетіндегі үлкен құбылыс.  Қажекеңнің «Бақыт жолында» деген повесі, Шыңжаңдағы ең алғашқы көлемді шығарма болып, халықтың ықыласына бөленген. «Қылмыс» та ең көлемді роман ретінде  халықтың іздеп оқитын шығармасына айналып жатыр.
Мен 6 кітапты бірдей оқып шықтым. Кітап Шыңжаңдағы қазақтардың бүкіл жағрапиялық ауқымын қамтиды. Кітаптағы кейіпкерлер Шыңжаңдағы барлық аудандардан алынған. Барлық рулардан бар. Бұл жазушының көркем әдебиеттегі құпия мақсатының бірі болса керек. Шығарманың идеясына тоқталсақ, шығарма қазақ ұлтының мінезін ашып, күрескерлігін, патриоттығын көрсеткен. Шығармадағы бас кейіпкер – Биқабыл арқылы, асыра сілтеушіліктің зардабына төзбей, Кеңес Одағының ноқтасына мойын ұсынбай, Қытайға ауып бараған елдің қиын тағдырын жантүршігерліктей етіп суреттейді. Ал Биқабыл өмір бойы Қазақстанды аңсап өтеді. Тарым лагерінен төрт рет қашады. Үнемі Кеңес Одағының құрамындағы Қазақстан шекарасына жете бере ұсталады.  «Қылмыс» – ұрпақтарды патриоттық сезімге тәрбиелейтін  оқулық.  
Армиябек Сағындықұлы, әдебиеттанушы:
– Айтарымды қысқа айтайын. 1984 жылы шілдеде Нылқының Шақпы жайлауында өткен ақындар айтысына біраз ақын-жазушылардың бастығы Серік Қапшықпай, ақсақалы Қажығұмар, қызметкері Алмас болып келіпті. Кейін қайтар жолда Құлжа қаласына аялдады. Мен Құлжада Қажекеңмен Алмас арқылы таныстым.  Ортадан сәл жоғары бойы бар, ақ сұр өңді, қағылез, шапшаң адам болып көрінді. Сол кездің өзінде шашы аппақ болып ағарып кеткен. Құлжада ек-үш күн болды. Небір үлкен жазушылардың, ел ағаларының Қажекеңнің алдында құрақ ұшқанын, кезекке тұрып қонаққа шақырғанын көрдік. Қажекең – бір аймақпен, бір облыспен, тіпті шекаралармен шектелмейтін қазақ ұлтының үлкен мақтанышы. Бағана Қабдеш аға  «Қылмысты» Мемлекеттік сыйлыққа ұсынып жатқанын айтты. Бұл  – қолдауды қажет ететін үлкен азаматтық іс. 
Жас қазақ: Жайнар, Қажығұмар ағаны білетіндер сенің Қажы ағаның қызы екеніңді естігенде, саған қандай сұрақ қояды? Оқырмандарға   әкеңіз жайлы  не айтар едіңіз?
Жайнар ҚажыҒұмарқызы: – Бар адамның қоятын  сұрағы: «Әкеңіз 40 жыл түрмеде отырса, сіз жассыз, қалайша ол кісінің қызы боласыз?» Әрине, орынды сұрақ. Бұл жақтағы көптеген оқырман әкемнің түрмеден келіп, менің алты жасымда қайта ұсталғанынан хабарсыз ғой. Кішкене кезімде әкем маған қатал көрінетін, бәлкім, бізге қатаң талап қойғанынан да шығар. Мен мектепке бармай жатып бастауыш сыныптардың сабақтарын оқып үйрендім. Егер балалықпен әкемнің тапсырмасын орындамасам, тапсырманы одан әрі молайта түсетін. Кішікентай кезімде «Мың бір түнді» оқып шықтым. 
  Бір күні әкем ұсталып кетті. Кейін іздеп барып тұрдық. Кездесуіміз қиынға соқпайтын. Әсіресе мені бөгемейтін. Әкемнің түрмеде  жазуға мүмкіндігі болды. «Қылмыстан» басқа емшілікке қатысты жинағын және де бірлі-жарым еңбектерін түрмеден шыққанда өзім алып шағам дейтін. Бірақ  рұқсат етпеді. Бір қанша рет сұрастырып жауап ала алмадық. «Қазірге дейін дайындаған кітабым 10 том болды» деп отырады. Әкемнің арманы – Қазақстанға келу. Қазір үйде. Телефонмен сөйлесіп тұрамыз. «Қылмыстың» шыққанын естіп қуанып жатыр. Менің амандығымды білген соң, іле-шала Қабдеш ағаны сұрайды, әр кез аман болғанын тілеп отырады.   
Жас қазақ: Жайнар,  өзіңіз туралы  айта кетсеңіз. «Қайда тұрасыз, не істейсіз?» дегендей...
Жайнар Қажықұмарқызы: – Біз әзір Қаскелеңде үй жалдап тұрып жатырмыз. Еларыс деген ұлым бар. Атын әкем қойған. Мен Қабдеш ағаға, басқа да әкемнің еңбектерінің жарық көруіне көмек қолын созып жүрген ағаларыма әкемнің атынан алғыс айтамын.
– Әңгімелеріңізге рақмет!

P.S. Жуырда ғана Қытайдағы қазақ қаламгері Қажығұмар Шабданұлының «Қылмыс» деп аталатын 6 томдық романының тұсауы кесілгені мәлім. Бұған дейін Қытайда төте жазумен алғашқы екі томы ғана жарық көрген. Үшінші кітабы баспаға дайындалып жатқанда, автор ұсталып, темір торға тоғытылады. Былтырғы жылдың соңында ғана «Қылмыс» тұңғыш рет кириллица қарпімен толық басылып шықты. Өткен аптада қазақ зиялылары, Мәдени саясат және өтертану институтының жанындағы «Тағылым» клубының мүшелері баспасөз брифингін өткізіп, Мәдени саясат және өнертану институтының атынан қырық жыл қапаста жазылған «Қылмыс» романын Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығына ұсынды. 
 

 

Түсініктемелерді қосу


Қорғау коды
Жаңарту


 




GISMETEO: Погода по г. Алматы

http://www.kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

2009 © Аманат медиа Design by KAV