Топ-менеджер жоқ, тоқ менеджер көп PDF Басу E-mail
Қолданушылардың рейтингі: / 0
ЖаманЖақсы 
Автор: Роза ШӘКЕНОВА   
29.01.2010 13:44

Бізде ақ көйлек киіп, таза жерде жүргенше, мұнай өндірісінің отымен кіріп, күлімен шыққанды жөн көретіндер көп екен. Өйткені кеңседегі қызметтен алатының – ары кеткенде 40-50 мың теңге.  


Көшедегі жүргінші біреуден:
– Қалың қалай? – деп сұрайды.
Анау асықпай:
– Несіне сұрайсың? Бір елде тұрып жатырмыз ғой, – деп жауап беріпті.
Ел аузынан

Ал қара алтынның айналасында жүрсең, жуан демейік, қозықарынның иесіне айналуың ғажап емес. Сенбесеңіз, «Өзенмұнайгаз» компаниясы өндірістік филиалының бос жұмыс орындарына жариялаған ашық байқауымен танысыңыз. Үкімет пен Гүлшара ханым (Г. Әбдіхалықова, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі) жұмыссыздықты бәленбай пайызға жойып, түгенбай адамды жұмыспен қамтыдық деп жүр. Сенейін десең, байқау барысы таңдай қақтырды. Неге десеңіз, жаңаөзендік әйелдер үшін осы компанияның сәкісін жуып, қоқысын шығарудың өзі арман болса керек. Еден жуудан дәмесі барлар бәрінен де озып тұр. 1124!  Сөйтіп, бір орынға 281 әйел үміткер. Салыстыру үшін айтсақ, тіпті ең үздік оқу орындарына түсу үшін мұндай талас жоқ. Бір орынға әрі кетсе 15-20 адам дәмеленеді.
Ал скважиналарды жерасты жөндеу жұмыстарына даяр­лау жөніндегі оператор орнының 12-сі бос болса, бұл қызметке 689  адам тілек білдіріпті. 39 жүргізуші қажет, үміткер – 569. Басқа қызметтерді қарасақ, бір орынға 18-21 адам дәмелі.
Жалпы, мұнай компаниясының бос лауазымдарға байқау жариялауы мұң еді, бас-аяғы 4380 адам лап қойды. Бірақ соның ішінде тек жүз адамның ғана бағы жанып, оңынан айы, солынан жұлдызы туды. Ал екі қолға бір күрек таппай,  салы суға кеткендер осы компания енді қашан байқау жариялайды екен деп сарғайып отыра беруге бар. Олардың бес жүзі өздеріне ұсынылған басқа жұмыстан бас тартты. Олар 40-50 мың теңге үшін дәнекерлеуші, дәрігер не мұғалім болып жүргеннен гөрі, «Өзенмұнайгаздың» еденін жуғанның өзін артық санайды екен. Тіпті болмаса, олар бос жүргенді қалайды. Өйткені мұнайшының жоғары жалақысына қызығады. Бірақ сол қыруар жалақыны күреп тауып, пайдаға шаш етектен кенеліп жатқан кімдер? Арасында оқта-текте ұшырасатын өзіміздің қара көздеріміз ілуде біреу-ақ. Қазақ мұнайының қызығын негізінен шетелдіктер көріп отырғаны айтылып та, жазылып та жүр. Мәселен, бір ғана Атырау өңірінде 11 мың шетелдік жүр.
Олардың не бітіріп жүргендері бір Құдайға ғана аян. Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы бастығының орынбасары Гүлмира Мүслімқызының мәліметі осындай. Кезінде Елбасы Қазақстанда жоқ мамандар ғана шетелден әкелінсін деп талап қойған болатын. Бірақ еден жуушының өзін ит арқасы қияннан алып келгендер кездескен. Елімізде техникалық мамандық иелері аз екені жасырын емес. Бұл – бүгінгі қоғамның қасіреті.
Қара жұмысшыны айтпағанның өзінде, мұнай компанияларын басқарып отырғандардың арасынан бірде-бір қазақ азаматын қолыңызға шам алып іздесесеңіз де таппайсыз. Қазақстан қазақ менеджеріне мұқтаж. Мұны Елбасы да бұрнағы күні сынға алды: «Біздегі шетелдік ірі мұнай компанияларында жетекші топ-менеджерлер арасында бірде-бір Қазақстан азаматы жоқ. Басқа салаларды былай қойғанда, біздің мұнай өндіргенімізге жүз жыл болды емес пе?! «ENRC» мен  «Қазақмысқа» да «өз мамандарымызды тәрбиелеп шығарайық» деген талап қойдым. Ал бүгінгі зауыттарда отандық мықты мамандардың иісі де жоқ. Олай болса, біз несіне акцио­нер болып отырмыз? Мұндай әрекетке неге жол беріп қойдық?»
Президент «Мұнай саласындағы ірі компанияларда білікті қазақ топ-менеджерлері отырса, импортты алмастыру мәселесі басқаша шешімін табар еді» деген ойын да білдірді. Мемлекет басшысы кадр мәселесі жөнінен «ҚазМұнайГазға» тапсырма бергенімен, одан еш нәтиже шықпағанына қынжылыс білдірді. Есесіне, бұл компанияға Президенттің өзі назар аударғанына Қайыргелді Қабылдин мәз. «Біздің кадр саясатын қалыптастыру мен корпоративтік басқару мәселелерімізге мемлекет басшысының көңіл бөлуі ҚМГ-дың ел экономикасындағы айрықша рөлін көрсетеді әрі бұл бағыттағы жұмысты одан әрі жетілдіруге ынталандырады», – деді ол. Сөйтіп, компания бірден ауыс-түйіске кірісіп кетті. Біразы жұмыссыз қалды. 919 адам қысқартылып кетіпті. Енді шетінен бәрінің білімі мен білігін тексермекші. Басқарушылардың еңбекақысы және оңтайландырылған жүйеге сәйкес жалпы еңбекақы қорының шығыны азайтылды. Кадр саясатын жүзеге асыруда кемшіліктерге жол бергені үшін жекелеген қызметкерлердің еңбек келісімшарттары бұзылып, тәртіптік жазаға тартылды.
Бұған дейін Елбасы бұл компанияны: «Ол жерде де өңшең өрімдей жастар... Жайлы орын, жоғары жалақы... Бірақ екі қолын қалтаға салып, өсек айтқаннан басқа түк бітірмейді. Шетінен шіренген бір кеудеқағарлар. Әрине, бәріне күйе жағудан аулақпын. Сол жас мамандардың 15-20 пайызы өздеріне лайықты қызметті адал атқаруда. Ал қалғандары кімнің қандай топқа, қандай кланға жататындығын айтып, кеуде қағудан басқаны білмейтіндер. Ондайлардың мұраты – бұдан да бір саты жоғары тұрған жайлы орынтаққа жайғасу. Министрліктер мен ведомстволарда мұндай адамдарды көтермелейтіні жасырын емес!» – деп сынға алды. Бүгінде қыршаңқы тілділер «Бүкіл әлемде жұмыс істеп, ақша алса, бізде ақша істеп, содан кейін жұмыс алады» деп әзілдейді екен.
Көшедегі жүргінші біреуден:
– Қалың қалай? – деп сұрайды. Анау асықпай:
– Несіне сұрайсың? Бір елде тұрып жатырмыз ғой, – деп жауап беріпті.

 

 

 

Түсініктемелерді қосу


Қорғау коды
Жаңарту


 




GISMETEO: Погода по г. Алматы

http://www.kurs.kz/ - Курсы валют в обменных пунктах г. Алматы и других городах Казахстана

2009 © Аманат медиа Design by KAV