|
Төменгі палатаның халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Уәлихан Қалижанұлымен сұхбат.
Бүгінгі таңда елімізде бала асырап алушылардың қатары күн санап көбейіп келеді. Мысалы 2009 жылы қазақстандықтар 3 044 жетімді бауырына басыпты. Бұл көрсеткіш 2008 жылмен салыстырғанда 271-ге көп көрінеді. Оның есесіне, бала тумайтын шетелдіктер біздің 669 көгенкөздерді өз еліне алып кеткен. Бұл көрсеткіш 2008 жылға қарағанда 40 балаға кем екен. Мұндай мәліметтер сейсенбі күні мәжілісшілер «ҚР балаларды қорғау және шетелдіктердің асырап алуына қатысты ынтымақтастық жөніндегі конвенцияға қосылуы мен оны ратификациялауы туралы» заңның жобасын талқылағанда мәлім болды. Балаларды қорғау және шетелдіктердің асырап алуына қатысты ынтымақтастық туралы конвенция 1993 жылы 29 мамырда Гаага қаласында қабылданған. Бұл құжат БҰҰ-ның балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі конвенциясының негізінде жасалған. Ол асырап алынған баланың мүддесін қорғау, негізгі құқықтарын құрметтеу және балаларды ұрлау, сату және сатып алу жағдайларының алдын алу мақсатында домалақ дүниедегі 76 елдің ынтымақтастық қарым-қатынастарын дамытуға бағытталған. Осы заңды қабылдағаннан біз не ұтамыз, неден ұтыламыз? Шетелдіктерге сатылып кеткен бірнеше мыңдаған жәудіркөздердің құқықтарын қорғап, өмірлерін сақтап қала аламыз ба? Осындай сауалдар қойған едік. Жас қазақ: Уәлихан аға, бұл заңның мақсат-мұраты неде? Уәлихан Қалижанұлы: Соңғы 10 жылдың ішінде Қазақстаннан шетелдерге 8 мыңға жуық бала сатылып кетті. Ал Гаага конвенциясына сәйкес, бізде емделуге мүмкіндігі жоқ сырқат балалар ғана шетелдіктерге асырап алуға жіберілуі керек. Шындығын айтсақ, осы кезге дейін «ауру балалар» деп дені сау балалар жіберіліп келді. Яғни жетімдерді коммерциялық тұрғыда пайдалану фактілері орын алды. Ғаламтор әлі күнге дейін балалардың суреттері мен мінез-құлқы жөніндегі ақпараттарға толып тұр. Осыған орай, біз дабыл қағып, құзырлы орындарға бірнеше депутаттық сауалдар жолдадық. Енді, міне, мезгіл мәселесін бір ізге түсіруге мүмкіндік пайда болған сияқты. Бұл заңның негізгі мақсаты – жәудіркөз жетімдерді қазақстандықтардың асырап алуына кеңінен жағдай жасау. Өйткені өз елімізде бір перзентке зар болып жүрген жандар өте көп. Жас қазақ: Бірақ бала асырап алу үшін қыруар құжат жинау, қалтасы «қалың» жатжұрттықтарға бала саудалау бизнесінің гүлденуі бұған барынша кедергі келтірді емес пе? Уәлихан Қалижанұлы: Оныңыз рас. Алғашқы кезде бала асырап алу үшін шетелдіктер мен қазақстандықтар дайындайтын құжаттардың арасы жер мен көктей болды. Мысалы шетелдіктер бар-жоғы жеті-сегіз құжатты рәсімдесе, отандастарымыз ұзын-ырғасы 20-дан астам құжаттарды дайындауы тиіс болды. Менің ойымша, мұның барлығы қолдан жасалды. Оның үстіне, Қазақстанда ресми тіркелмеген 40-тан астам шетелдік агенттіктер жұмыс істеді. Соның әсерінен шетелдерге балалар көп әкетілді. Мұхит асқан жетімдер – біз үшін жоғалған ұрпақ. Өйткені олар елге ешқашан қайтып келмейді. Себебі 1 жасқа жетер-жетпестен асырап алған баланың аты-жөнін өзгертеді. Өз елдерінің азаматтығын береді. Мен шетелдіктер асырап алған қазақстандық балалардың жағдайын өз көзіммен көрдім. Әрине, олардың бәрі қиыншылықта өмір сүреді дей алмаймын. Жақсы отбасына тап болғандар да бар. Ал бала бағып алушыларға келсек, біріншіден, олар ізгілік арқылы Құдайға жақындайды. Екіншіден, ондай адамдарға өз елдерінің заңдарымен жеңілдіктер беріледі. Мысалы Солтүстік Ирландияда бір балаға аптасына 200 АҚШ доллары көлемінде жәрдемақы төленеді. Яғни әр бала үшін айына 800 АҚШ доллары. Онымен қоса, кәсіпкерлікпен айналысса, белгілі бір деңгейде салықты аз төлейді. Үшіншіден, сол Солтүстік Ирландияңыз 13 мыңнан астам баласын шетелдіктерге асырауға беріп, қайтып ала алмады. Айтпақшы, ол елде Қазақстаннан барған балалар да бар. Жас қазақ: Уәлихан аға, жаһандық құлдырау көздері жәутеңдеген жетімдердің тағдырына қаншалықты әсер етті? Уәлихан Қалижанұлы: Бүгінгі күні біздің еліміздегі жағдай мынадай. 2008 жылы ата-анасынан айырылған балалардың саны 46 126 болса, ол 2009 жылы 42 494-ке азайған. Менің ойымша, бұл біздің қоғамдағы әлеуметтік мәселелердің бірте-бірте шешілуінен болып отыр. Сонымен бірге 2008 жылы 28 113 жетімді қазақстандықтар бауырына басып алса, 2009 жылы олардың саны 25 315-ке төмендеген. Яғни бала асырап алушылардың саны 1,5 пайызға азайды. Менің ойымша, мұның бәріне жаһандық дағдарыс әсер етті. Жас қазақ: Айдай әлемдегі 76 мемлекет қол қойған Гаага конвенциясына Қазақстан неге қосыла алмай отыр? Мұны сұрап отырғаным, аталған заң жобасы Мәжіліске 2006 жылы келіп түсті емес пе? Уәлихан Қалижанұлы: Иә, екі-үш жылдан бері Гаага конвенциясына қосыла алмай келеміз. Оның себебі, мұхит асқан жетімдеріміздің дені АҚШ-та. Ол кезде АҚШ та бұл құжатты ратификациялаған жоқ еді. Енді жол ашылды. 73 мемлекет бұл конвенцияны ратификациялады. Яғни олар шетелдіктерге асырауға берілген балалардың құқықтарын қорғай алады. Бұл заңның бір артықшылығы сол, мемлекеттің атынан шетелдерге кеткен балалардың өмірлерін сақтап, құқықтарын қорғай аламыз. Мысалы «Неке және отбасы» кодексіне сәйкес, шетелдіктер жыл сайын әр баланың халін жеткізіп, есеп беріп отыруы керек. Оған қоса, осы заң жобасында жазылғандай, шетелге кеткен балаға 18 жасқа толғанша екі мемлекеттің де азаматы атануына мүмкіндік берілген. 18 жастан соң қай елдің азаматы болғысы келетінін өзі таңдайды. Жасыратыны жоқ, елге қайту деген жай арман ғана. Сондықтан Қазақстан да Гаага конвенциясына қосылып, әр баланың халінен, тағдырынан толық хабардар болып, құқықтарын қорғауы керек. Себебі балаларды ұрып-соғатын, жыныстық қатынасқа мәжбүрлейтін, тіпті өлтіріп тастайтын жағдайлар бар. Екіншіден, аталған заңдық құжатты қабылдамаған себебіміз – «Неке және отбасы» кодексінде бала асырап алуға қатысты көптеген келеңсіздіктер болды. Мысалы бұрынғы заңда жалғызбасты әйелге немесе еркекке, қос ер адамның «одақ құруынан» пайда болған отбасына бес баланы тәрбиелеуге рұқсат берілген. Осы келеңсіздіктерді жою үшін кодекске жетіден астам түзету енгізілді. Яғни алдағы уақытта бала асырап алу ісінде ондай келеңсіздіктерге жол берілмейді. Жас қазақ: Сіз бір сөзіңізде «Жетімдерді шетелдіктерге бермей-ақ, өзіміз асырап алайық» дегенді айтып қалдыңыз. Уәлихан Қалижанұлы: Менің айтқаным, бармақ басты, көз қыстымен балалардың тағдырымен ойнауға болмайды деген мәселе. Балаларды шетелге қандай жағдайда беру керек? Егер де өз елімізде ауру балаға емделуге мүмкіндік болмаса, ол шетелде емделуге, өмір сүруге толық құқылы. Біздің Ата Заңымыздың өзі осыған кепілдік береді. Тек бір назар аударатынымыз, дені сау балалар кетіп қалмауы керек. Кететін балалар дәрігерлік консилиумнан өтуі тиіс. Оның үстіне, халықаралық құжатқа қол қойған соң, Қазақстан шетелге бала беруге тыйым сала алмайды. Тыйым салса, әлемдік деңгейдегі бала құқықтарын қорғайтын ұйымдардың назасына қалады. Тіпті ондай мекемелер «өздері емдей алмайды, емдеуге жібермейді. Көпе-көрінеу өлімге басын байлап отыр» деп имиджімізді түсіретін шу көтеруі мүмкін. Сондықтан берсек – бала құқықтарын қорғауды жолға қояйық, бермесек – өз ішіміздегі тәрбиені жөнге келтірейік. Жас қазақ: Қарадомалақтардың шетел асуынан ұлтымызға қандай қауіп бар? Уәлихан Қалижанұлы: «Олар бізге мынадай қауіп төндіреді» дегеннен бұрын, мемлекет 18 жасқа дейін сол балаларға қамқорлық жасауы керек. Олардың ұлты қазақ екені үнемі айтылып, басына қиын жағдай туғанда, Қазақстанның атынан қорғауға алынып жатса, ол бала психологиясына әсер етеді. Бәлкім, кейбіреулері «Елім бар, жерім бар!» деп өз Отанына оралуы мүмкін. Оралып жатса – құба-құп. Оралмай жатса – өз елі туралы пікірі дұрыс болуы керек. Кез келген мемлекет жат елдегі әртүрлі оқиғаларға тап болған өздерінің азаматтарын қорғай алуы қажет.
Астана
|