|
ҚР Денсаулық сақтау министрi Ж.Досқалиевтiң назарына! Бүгiнгi қоғамымызда әбден былық жайлап, берекесi кеткен салалар аз емес. Соның бiрi – соры сопақ астаудай болып тұрған денсаулық сақтау мекемелерi. Сыбайлас жемқорлық, «бармақ басты, көз қысты» жымысқы әрекет, қолайына жақпағанның соңынан жарық күнде шам алып түсу, өз дегенiн жасау үшiн қулық-сұмдықтың түр-түрiнен аянбау деген дерттер мемлекеттiң ең үлкен байлығы – адамның өмiрi мен денсаулығына тiкелей жауапты саналатын бұл саланы да айналып өтпегенiн елдiң бiр ғана аймағындағы ахуалға қарап отырып-ақ аңғаруға болатындай. 
«Кеткен басшының оңғаны жоқ...» Мәселен, Жамбыл облыстық денсаулық сақтау департаментiне жөнi түзу, қолы адал, iсi ақ директор әйтеуiр құтаймай-ақ қойды. Бұл орынға басшы болып келген кiсiлердiң келгенiнен кеткенi тез. Ең өкiнiштiсi, ешбiрiнiң артынан жақсы сөз айтылѕан емес. Облыстық департамент директоры орынтағынан «ең оңай құтылды» дейтiн Тiлеухан Әбiлдаевтың соңынан да бiр қап сөз борады. «Облыстың бұрынғы әкiмi көңiл жықпастық жасады, туған қарындасының бiр ауыз сөзiне бола, Әбiлдаевты түсiне де кiрмейтiн орынға көтердi» дейтiндер, шамасы, тура бiлiп айтқан сияқты. Өйткенi, алдыңғы әкiм облыстан қалай ауысып кеттi, денсаулықтың тұтқасын ұстап отырған «кездейсоқ» Әбiлдаев та темiрқазығы былқылдап тұрған орынтағынан аударылып түстi. «Бәрiнен қиыны – медицина ғылымының докторы Қуат Құралбаевқа обал болды» деген әңгiме де желдей ескен. Құралбаев «берекесiз орынтаққа» отырар-отырмаста, жетi айға жетпейтiн мезгiлде қылмыскер атанып, төрт жылға бас бостандығынан айрылып тынды. Айыбы атышулы бапқа дөп келiптi: «Облыстың денсаулығын сақтауға бөлiнген мемлекет қаржысының қомақты бөлiгiн асап жiберген». Құқық қорғаушылар осындай «диагноз» қойып кеп жiберiп едi, Құралбаев әуелi есеңгiреп қалды. Артынша есiн жинап, ары-берi әрекет ете жүрiп, ақыры атына таңылған ауыр сөзден арылып алды. Бұл орында отырып, ең ауыр жағдайға Бақытәлi Жетiбаев ұшырады. «Ұлттық қауiпсiздiк қызметiнiң Жамбыл облысы бойынша департаментiнiң қызметкерлерi Жетiбаевтi қызмет кеңсесiнде «Жасұлан және К» ЖШС директорының орынбасары Наталья Ткачевадан 3 миллион теңге пара алып жатқан кезiнде қолға түсiрдi» деген жаманат хабар бұрқ ете қалды. Осы жерде ерiксiз сұрақ туындайды: «Облыстық денсаулық сақтау департаментiнiң директорлары нелiктен бiрiнен соң бiрi құрбандыққа шалына бередi? Шын мәнiнде, бұл орынға келгендер көзсiз ашқарақтыққа салынып, мемлекет мүлкiне қол сұғуға бейiм кiсiлер ме? Әлде, толассыз жалғасып жатқан парақорлықтың астарында былайғы жұрт бiле бермейтiн бiр пәлекет жатыр ма?» Қалай болғанда да, бұл сұрақтардың салмағы ауыр. Әрi оның тереңiнде нағыз шындық жатқан сияқты. Газеттiң мiндетi – қашанда мәселенiң ақ-қарасына бұқараның, қоғамның көзқарасымен үңiлу, заң, әдiлет тұрғысында ой өрбiту. Осы орайда көңiлге күдiк келтiрген кейбір жайттарға тоқталып өтелік... ҰҚК қорғай ма, қорлай ма? ҰҚК-ның Жамбыл облысы бойынша департаментi бастығының бiрiншi орынбасары Құрман Елубаев әуелде Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментiнiң бастығы болып отырған Бақытәлi Жетiбаевқа бiр өтiнiш айтады. Тараз қаласындағы көпқабатты тұрғын үйлердiң қоқыс қалдықтарын тастайтын орынға медициналық дәрiхана салуы үшiн рұқсат сұрайды. Бұл ұсынысты орындаудың мүмкiн еместiгiн және оның заңға қайшы келетiнiн айтқан Жетiбаевке ҰҚК полковнигi қатты шүйлiгедi. Кейiннен Жетiбаев Облыстық денсаулық сақтау департаментiнiң директоры бола салысымен, Елубаев оған тағы да келiп, өзiнiң әйелi Лилия Жұбандықованы қандайда бiр қалалық емдеу мекемесiнiң басшысы, ретi келсе, «Ана мен бала» орталығының бас дәрiгерi қызметiне ұсынуды өтiнедi. Бiрақ ол полковниктiң бұл өтiнiшiне де құлақ аспайды. Жыл сайын Денсаулық сақтау департаментi дәрi-дәрмектердi сатып алуға арналған тендер жариялап отырады. Келесi тендердi күтiп жүрген Елубаев ендiгi кезекте өзiнiң әйелi Жұбандықова басқаратын «Лия-Фарм» ЖШС-нiң сынақтан сүрiнбей өтуiне Жетiбаевтың мiндеттi түрде ықпал жасауын тапсырады. Алайда аталған ЖШС тендердiң негiзгi кезеңiне құжаттарының әзiр болмауына байланысты қатыса алмай қалады. Соған орай заңнан аттап өте алмайтынын жеткiзген директорға ендi ұлттық қауiпсiздiк қызметкерi шындап ашуланады. Жетiбаев облыстық денсаулық сақтау департаментiне келмей тұрғанда, жыл сайынғы тендерлерден (арнайы лицензиясы болмаса да) дәрi-дәрмекпен айналысуға 60-63 миллион теңгенi заңсыз ұтып алып жүрген ерлi-зайыптылар бұл мүмкiндiктен айырылып қалуын өздерiн қорлау, беделiн түсiру деп ұғынады. Сөйтiп, Жетiбаевтен қалайда кек алуды көздейдi. Артынша заңдылықты бақылайтын прокурор-дың санкциясы болмағанына қарамастан, ҰҚК облыстық департаментiнiң бiрiншi орынбасары өзiнiң қызмет лауазымын пайдалана отырып, Жетiбаевтың қызмет кабинетiне де, тiптi жеке отбасына да жүрiп-тұрғанына дейiн қалт жiбермейтiн аудио-видеоаппараттарын төрт ай бойы «күзетке» қояды. Нысанадағы кiсiге хат-қағаз, пакет әкелiнген көрiнiстердi арнайы монтаждатып тұрады. Бәрiбiр дәлелдемелерi болмай жатқаннан кейiн жоғарыдағы «Жасұлан және К» ЖШС-нiң қызметкерiн арандату үшiн араға салады. Амалдап жүрiп Жетiбаевті «қолға түсiрiп» ала салысымен, түбегейлi тергелiп, сындарлы түрде зерттелмеген тергеу құжаттары шұғыл түрде қалалық сотқа тапсырылады. Ал сот өз кезегiнде бұл мәселеге жылдам нүкте қойып, тез бiтiрiп жiбередi. Нәтижесiнде Жетiбаев жетi жылды арқалап кете барады. Дегенiне жеткен Елубаев ендi денсаулық сақтау мекемелерiнiң талайын артқа тастап, бiразынан айналып өтiп, қызмет күшiнiң арқасында әйелiнiң меншiгiндегi «Лия-Фарм» ЖШС-не (жарғылық капиталы небәрi 4-5 миллион теңгенi құраса да) ендi 56 миллион теңгенiң тендерiн «ұтып» алады. Бұл фактiлердi Жетiбаевқа қарсы куәгер болған «Жасұлан және К» ЖШС директоры Жұмагүл Омарова сот отырысында растап бердi. Әңгiме етiп отырған «Лия-Фарм» ЖШС ҰҚК полковнигi Құрман Елубаевтай жарылқаушысы бар кезде неден тайына қойсын, 2005 жылдан берi қаржысы 100 пайыздық деңгейде төленсе де, өзi жабдықтауға тиiстi денсаулық сақтау мекемелерiн медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етпей отыр. Мұндай жағдайларды бұл ЖШС-нiң еншiсiндегi Меркi және Мойынқұм аудандарының дәрiгерлiк амбулаторияларына тиесiлi мемлекеттiк қаржыны бермей жүргенiнен байқауға болады. Әсiресе, ондай сорақылықтар «Ақтоған», «Сармолдаев», «Мыхан», «Қазақстан» және басқа емдеу мекемелерiнiң жағдайынан мықтап бiлiнедi. Бiлдей бiр Облыстық департамент директорының басын шырғалаңға салып, тағдырын талқан етуден тайынбаған Қ.Елубаевтың заңсыз iстерi туралы бүгiнде темiр тордың арғы жағында отырған Бақытәлi Жетiбаев Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың атына және ҚР ҰҚК-ның төрағасы Амангелдi Шабдарбаевқа өтiнiш жазып жатыр. Бiр қызығы, кейiнгi өтiнiшi айналып келiп, тексеру үшiн сол Елубаевтың өз қолына түсiптi. Ал оның өзi жайлы жазылған мәлiметтердi қалай «тексеретiнiн» бiлу үшiн құмалақшы болудың қажетi жоқ...
Жымысқы әрекет әдетiне айналған... Облыстық денсаулық сақтау департаментiнде тұрақтылық пен ынтымақтың сақталмауы созыла түсер түрi бар. Кейiнгi екi басшы қатарынан iстi болып, қылмыскер атанып кеткеннен соң облыстың денсаулығына жауапты болатын адам табылмады. Билiк басындағылардың таңдауы түскен бiрнеше кiсi бұл орынтақтан саналы түрде бас тартты. Бiрақ батыл адамдар да бар екен. Қазақтар қорқақтаған орынға ештеңеден жүрексiнбеген Вадим Алексейұлы Овсянников келiп қонжиды. «Жатаберiсi көп жiгiт едi, департаменттi дiңкелетiп тынбаса болғаны» деп, оның сырын бiлетiндердiң сезiгi де қоса жеттi. Кiм қалай десе, ерiк өзiнде емес пе? Осылай дегендердiң сөзiне әуелгiде «елп» ете қоймағандардың бiразы арада уақыт өте келе ойлана бастады. Шынында да, Овсянниковтың қызмет iстеу тәсiлi өзгеше едi. Ашық түрде, жариялы негiзде атқарылатын жұмыстың көпшiлiгi жасырын, жабық, жықпылды жолдар арқылы өтiп жатты. Мамандарды бiр-бiрiне айдап салу, өзара жауластыру, басқаның қолымен, аузымен дiттеген ойларын жүзеге асыру, облыстың медициналық корпусын үрей тұтқынында ұстау... сияқты жымысқы әрекеттерi жалғаса бердi. Бас көтергендердi басып тастау әдiстерi де асқан әкiлiкпен жүргiзiлдi. Жемқорлықтың дертiне шалдыққандардың iшiнде жанына жаққандарын қорғап алу, сүттен ақ, судан таза шығару департамент директорының астыртын iсiне айналды. Алты бiрдей бас дәрiгердiң сыбайлас жемқорлық әрекеттерi анықталып, дәлелдеме бола тұра, олардың Овсянниковпен ортақ тiл табысуы нәтижесiнде жазаға тартылып, шара көрсетiлу аясы аз ғана топтың айналасында шешiлiп кеттi. Қант диабетi сырқатымен науқастанушылар қауымдастығын ашындырған дәрi-дәрмек жетiспеуi мен тегiн берiлетiн препараттардың аурулар қалтасына салмақ салатыны жөнiндегi айқай-шуы министрлiкке дейiн барып жеткенiмен, облыстың бас дәрiгерi ол жанжалды да жым-жырт басудың жолын тапты. Келесi жолы Овсянников Облыстық пери- наталдық орталықтың бас дәрiгерi Гүлжахан Рәпiлбекованы кезектi «құрбандық» етудiң әртүрлi айла-тәсiлдерiн ойластырды. Мұндай сәттегi ең оңай әдiс – арыз-шағым ұйымдастыру. Орталықтың бiр маманы атынан түскен арызды прокуратура қызметкерлерi, медициналық бақылау комитетi барынша байыпты тексеруден өткiздi. Ешқандай кемшiлiктiң iзiн таппады. Әрi өз атынан жазылған арыздан негiзгi куәгер кiсi де бiрден бас тартты. «Ұйымдастырылған, өте ұқыпты жасалған бұл арандатуға менiң ешқандай қатысым жоқ. Менiң атымнан сырттай қол қойылған жалған арызды мойындамаймын» деп шындықты айтудан жасқанбады ол. Бiрақ Вадим Алексейұлы тоқтай қоймады. Рәпiлбекованы кабинетiне қайта- қайта шақырып: «Қызметiңнен өз еркiңмен кет, орынбасарың Гүлнағира Байзатова екеуiңнiң орындарыңды ауыстырамын. Келiспесең, әйтеуiр жолын тауып, сенi бұл жерден кетiремiн», – деп қоқан-лоқы жасады. Бiрақ Рәпiлбекова кете қоймады. «Мейлi, қанша рет болса да, тексере берсiн. Кiнәлi болсам, бұл орныңнан бүгiн-ақ кетемiн» деп отырып алды. Басты «қаруы» – қудалау Айтқанына көне қоймаған қайсар қыздан қалайда құтылу үшiн Овсянников Облыстық тәртiптiк кеңеске арыз түсiрдi. Әрине, өзiнiң әрекетi екенiн әдемi бүркемеледi. Мемлекеттiк қызметкер болмаса да, мемлекеттiк тәртiптi бақылау органы Рәпiлбекованың жұмысынан «кiнәрат» тапты. Жариялылықты басты мұрат тұтатын кеңес жарнама жасап жiберуден де кенде емес екен. Рәпiлбекованың қызметi жөнiнде жергiлiктi БАҚ-та қайта-қайта атап айтып, әлi айыбы дәлелденбеген кiсiнi кiнәлi деп көрсетiп те жiбердi. Осы негiзге сүйенген Овсянников перинаталдық орталықтың бас дәрiгерiн қызметiнен босатты. Рәпiлбекованың сотқа жүгiнуiне тура келдi. 2008 жылы 19 мамыр күнi Тараз қалалық сотында iстi қараған судья Д.Жұбанышова Рәпiлбекованы толық ақтап, «жұмысында жемқорлық әрекеттердiң жоқ» екенiн дәлелдедi, қызметiне қайта қабылдау жөнiнде шешiм шығарды. Алайда оның бұл көрген әдiлетсiздiктерi алдағы үлкен құқайдың басы екен. Ендi Облыстық денсаулық сақтау департаментiнен Рәпiлбекованың артына түсу, қудалау, бопсалау әрекеттерi күн сайын дамыл бермей, дүркiн-дүркiн тексерiстер жүре бастады. Ақыры арада жиырма күн өткенде арнайы бұйрықпен қызметiнен тағы да босатып тастады. Рәпiлбекованың орнына орынбасары Байзатованы әуелi уақытша отырғызды. Бiрнеше күн өтпей жатып, перинаталдық орталықтың бас дәрiгерi етiп тағайындау туралы пәрмен берiлдi. Рәпiлбекова тағы да әдiлдiк iздеуге шықты. 19 қыркүйекте (2008 жылы) Қалалық соттың судьясы Г.Асылбек Облыстық денсаулық сақтау департаментiнiң iс-әрекеттерiн заңсыз деп тапты, Рәпiлбекованы атқарып жүрген қызметiне орналастыру туралы мемлекет атынан шешiм қабылдады. Бiрақ департамент басшысы соттың бұл шешiмiн орындауға асықпады. Түрлi айла-тәсiлдер қолданды, түлкiбұлаңға салды. Дегенмен бұл кезде Овсянниковтың кейбiр құпиялары белгiлi бола бастаған едi. Кейiнгi сот мәжiлiсiнде Облыстық денсаулық сақтау департаментi әкiмшiлiк бөлiмiнiң меңгерушiсi А.И.Гривцов бiр шындықты айтып салған болатын. «Бiздi жоғарғы жақтан, облыстық әкiмшiлiктен осылай етуге мәжбүрлеп отыр. «Қалайда Рәпiлбекованы қызметiнен кетiрiңдер, орнына Байзатованы тағайындау керек» деген талап қойылды. Әйтпесе Рәпiлбекованың өз iсiн толық меңгерген, мықты маман екенiн жақсы бiлемiз» дедi ол судьяның сұрағынан жалтара алмай. Жыл соңына қарай облыс әкiмi Бөрiбай Жексенбинмен болған кездесуде Овсянников облыстың бүкiл медицина қызметкерлерi алдында тағы да Рәпiлбекованың «iсiн» арнайы әңгiме еттi. Оның сөзiн әкiмшiлiк тарапынан хабарлама жасаған қызметкер де қызу қолдап, Рәпiлбекованы «бiр қарын майды шiрiтетiн бiр құмалақтай» мысалға келтiрiп отырды. Облыс басшысы өзiне жеткен ақпаратқа қатты шүйiлдi. Әкiмшiлiк аппараты арқылы перинаталдық орталықтың жұмыстарына талдау жасатты. Өзi қатыса отырып, көптеген түйткiлдi мәселелердiң орын алып жатқанына көз жеткiздi. Мамандар пiкiрiне ден қойды. Талдау, сараптау нәтижесiнде Облыстық денсаулық сақтау департаментiнiң директорына нақты тапсырмалар берiлдi. «Күрделi мәселелердi сараптай келе, перинаталдық орталықтың бас дәрiгерi Г.Рәпiлбекованың қалыпты жұмыс iстеуiне кедергi келтiретiн факторларды жою және облыстық денсаулық сақтау саласы қызметкерлерiнiң конституциялық құқын бұзушылық iс-әрекеттерiн болдырмау шаралары кешендi түрде жүзеге асырылсын. Тапсырманың iске асуы жөнiнде 2009 жылғы 5 қаңтарға дейiн облыс әкiмiнiң атына ақпарат берудi сұраймын» деген Бөрiбай Биқожаұлының ұсыныс-талабы тиiстi жерiне жеткiзiлдi. Адам шошырлық қиянатқа да барды Ал өз кезегiнде Овсянников бұл тапсырманы қалай орындады дейсiз ғой? Ол Рәпiлбековамен тағы да «келiссөз» жүргiздi: «Тым шыншыл, талап қойғыш маман бұл жерде отыра алмайды. Жоғарыда бiздi бақылайтын басшылар сенiң мына қызметте болуыңды қалап отырған жоқ. Келiспесең, жаман жағдайлар болуы мүмкiн. Мен ескертiп тұрмын. Сенiң бас дәрiгерлiктен босауыңды талап етемiн». Бастығы барынша бопсалағанымен, Рәпiлбекова мiз бақпады. Алдында күрделi жоспарлары бар екенiн, ұжымы өзiне сенiм артатынын, орта жолдан бар мақсатты тәрк ете алмайтынын жеткiздi. Ақыры екi бас дәрiгер келiсе алмады. Кетiсiп тынуға бел буған көзқараста тарқасты. Осыдан бастап перинаталдық орталық туралы сонда қызмет ететiн кейбiр дәрiгерлерге, департаменттiң жауапты мамандарына күшейтiлген тапсырмалар, мiндеттер берiлдi. Жасырын жүктеме алғандар әрбiр қалт еткен жағдай жөнiнде тұрақты есеп берiп тұрды. Сөйтiп, қазақ дәрiгерлердi бiр-бiрiне қарсы қойып, арасына шоқ тастаған директордың өзi сырттай қадағалап отырды. Облыстық перинаталдық орталық ана мен баланың денсаулығын сақтау, көмек көрсету, әсiресе, өте ауыр халдегi ана мен бала өмiрiн қорғау сияқты аса iзгiлiктi, мейлiнше мейiрiм мен шапағатқа толы зор жауапкершiлiктi жұмыстармен айналысады. Орталықта 500-ге таяу кiсi еңбек етедi. 42 маман дәрiгер күндiз-түнi адам өмiрi үшiн күреседi. Қазiр бала туу мүмкiндiгi өте нашар 1380 ананың хал-жайы қатты қадағалауда тұр. 12 мың жүктi әйелдiң денсаулығын бақылау да осы орталықтың негiзгi жұмысы саналады. Осындай күрделi әрi өмiрлiк маңызы зор мiндеттi арқалап жүрген жердегi психологиялық ахуалдың әлгiндей күйге ұшырауы – өте өкiнiштi жағдай. Оның үстiне, бас дәрiгер Гүлжахан Рәпiлбекова 19 жылдан берi осы орталықта жұмыс iстеп келедi. Акушер-гинеколог маман қатардағы дәрiгерлiктен бастап, барлық медициналық баспалдақтардың бәрiнде де тындырымды, тиянақты тiрлiгiмен ұжым құрметiне бөлендi. Кейiнгi үш жылдан берi конкурстық негiзде бас дәрiгер болып бекiтiлдi. Ғылыми жұмыстармен айналысып, жүктi, денсаулығы нашар аналарды дәрi-дәрмек қолданбай-ақ, инновациялық тәсiлдер арқылы – қарапайым, өмiрiне қауiпсiз операциялар бойынша емдеу жолдарын практикаға енгiзуге күш салып жүр. «Аңдыған жау алмай қоймайды» деген рас сөз. Облыс әкiмiнен ескерту алып, кейбiр былық-шылығы бiлiнiп қалғаннан кейiн, Овсянников не де болса ендiгi жерде бастаған iсiн жымын бiлдiрмей атқаруға кiрiстi. Алайда департамент басшылығынан астыртын тапсырма алып, амалы жоқтықтан былғанышты, лас iстермен шұғылдануға мәжбүр болған кейбiр дәрiгерлер өздерi ерiксiз айналысқан жұмыстары жайында жиiркене отырып, жазбаша түрде түсiнiк бердi: «Сiз жұмысқа екiншi рет қайта келген күннен бастап (қыркүйек айының соңынан) Облыстық денсаулық сақтау департаментiнiң басшылары ұйымдастырған сұмдық iс-әрекеттердi айтуға адамдық болмысым мүдделi етiп отыр. Ашық бiлдiрген қарсылығыма қарамастан, менi қорқытып, «жұмыстан босатамыз» деп үрейлендiрiп, өз дегендерiне көндiрдi. Төрт ай бойы жалған мәлiметтер беруге күштеп итермеледi. Анасынан өлi туылған нәрестелердi «кiндiк тамыры соғып тұр» деген анықтамамен «тiрi туылды» деп жазып отыруыма мәжбүрледi. Бұл аралықта мен 12 өлi туылған (тiзiмдерiн берiп отырмын) нәрестенi өмiрге «тiрi келдi» деп белгiлеуге, амал жоқ, көндiм». Овсянниковтың сан түрлi сергелдеңге салып қоюға еш шiмiрiкпейтiн әрекеттерiн жақсы бiлгендiктен аты-жөндерiн айтудан қаймығып отырған дәрiгерлердiң бiрi осылай дейдi. Жоғарының тоқпағына лажсыздан көнген басқалардың да «атқарған iстерiн» санамалап шықсаңыз, «нағыз киллер жалдағыштар Облыстық денсаулық сақтау департаментiнде отыр екен-ау» деп ойлауыңыз күмәнсiз. Ал мұндай жалғандықтарға барудың сыры беп-белгiлi. «Тiрi туылған нәрестелер перинаталдық орталықтың дәрiгерлерi мен басшысының қырсыздығынан, өз iсiне салғырттығынан, жауапсыздығынан шетiнеп кеттi. Бала өлiмiнiң саны өсiп барады» деп орталықтың медициналық ұжымына, бас дәрiгерiне қандай да жаза қолдануға таптырмайтын себептiң нақ өзi. Шындап келгенде, мұндай жалған мәлiметтер орасан зор қателiкке ұрындыратынын, яғни, өлi туылған нәрестенiң анасы мен әкесiнiң күдiгiн, өзге перзентханалар мен ауруханалардағы жүктi аналардың қорқыныш-үрейiн, жалпы медицина қызметкерлерiне деген сенiмсiздiктi, ренiштi нақақтан-нақақ күшейтетiнiн олар ойламаған да секiлдi. Облыс әкiмiн аттап кетуден де арланбады Таяуда, 2009 жылдың 26 қаңтары күнi, Гүлжахан Рәпiлбекова үш рет сот арқылы қайта қалпына келтiрген жұмысынан тағы да босатылды. Ашық қудалау, артына шам алып түсу жолымен, әрине. Облыс әкiмi Бөрiбай Жексембиннiң мамандар арқылы тексертiп, зерттеткен, анық-қанығын зерделеген жұмысының нәтижесiне, арнайы нұсқауына қарамастан, қайта оны басып-жаншып өте шыққан, «ендi қайтесiң» деп ерегiсе кеткендей емiреуiн танытқан Вадим Алексейұлы Овсянниковтың бұл жолғы бұйрығының мәнiсiне де тоқтала кетейiк. Тараз қаласының 11-ықшамауданында тұратын Жiбек Өмiрзақова деген жүктi ана №4 қалалық емхананың жолдамасы арқылы жағдайы өте нашар күйiнде орталықтың ауруханасына жатқызылды. 16 қаңтар күнi Өмiрзақова iштен туа бiткен кемiстiк – тiк iшегiнiң тесiгi жоқ, былайша айтқанда, iшiнен үлкен дәретi шықпайтын нәресте босанды. Мұндай жағдай жиi болып жататындықтан, балаға тек қана хирургиялық жолмен көмек жасау керек екенiн жақсы бiлетiн дәрiгерлер, басшысы Рәпiлбекова бастап балалар ауруханасына, Облыстық денсаулық сақтау департаментiне дүркiн-дүркiн дабыл қағып жатады. Бiрақ селт еткен қозғалыс болмайды. ҚР Денсаулық сақтау министрлiгiнiң 2008 жылдың соңында қабылдаған №665 қаулысы бойынша әрбiр босанған ана мен бала денсаулығына ерекше мән беру, сәт сайын жай-күйiн бақылауда ұстау нұсқауын алға тартып отырғанымен, олардың бұл зарлауы ешкiмге әсер ете алмайды. Рас, облыстық балалар ауруханасынан бiрер хирург келiп көредi. Бiрақ алып кетпейдi. Сонда ғана мәселенiң қайдан шығып жатқанына орталық дәрiгерлерiнiң көзi жетедi. Облыстық департамент басшылары ана мен баланы қорғау бөлiмiнiң меңгерушiсi А.Қырылдақова қатаң тапсырған нұсқаулардың ешбiр хирургты тырп еткiзбей тұсап қойғанын түсiнедi. Департаменттен «Бала орталықта қалсын. Оны алғандарың ертеңгi жағдайы үшiн жауапты боласыңдар» деген талап болғанын естидi. Ал перинаталды орталықта күрделi операция жасайтын маман хирург жоқ екенi белгiлi. Жаңа туылған сәбидiң жағдайы уақыт өткен сайын нашарлай бередi. Оны алдымен түсiнген анасы Өмiрзақова арнайы қолхат жазады. 2006 жылы 7 шiлдеде қабылданған №170-3 ҚР «Азаматтардың денсаулығын қорғау туралы» Заңының 16-бабына орай туа бiттi кемiс болып өмiрге келген нәрестенi ауруханадан өз ерiктерiмен шығарып әкетедi. Бұл кезде сәбидiң туылғанына үш күн болған едi. Орталық дәрiгерлерiнiң атына қолхат жазып, нәрестенiң кейiнгi тағдырын өз мойнына алған Жiбек Өмiрзақова мұндай жағдайда туылған баланы не күтiп тұрғанын жақсы бiлетiн болып шықты. Өйткенi, оның өзi қаладағы «Ұлан» балалар үйiнде мүгедек сәбилермен, әсiресе, тiк iшегi бiтеу балалармен жұмыс iстейтiн тәрбиешi екен. «Бұрын екi балам шетiнеген едi. Дәрiгерлерге кiнә қоюға Құдайдан қорқамын. Олар қолынан келгенiн аяған жоқ. Баламды өз еркiммен тiрiдей алып барамын» деп жазды ол нәрестесiнiң ендiгi өмiрi ұзаққа бармайтынын бiле тұра аналық жүрегi қарс айырылып. Мiне, Облыстық денсаулық сақтау департаментiнiң директоры В.Овсянников осы баланың өлiмiн себеп етiп, көктен iздегенi жерден шығып, «Рәпiлбековаға жала жабудың жақсы жолы табылды» деп, оны қызметiнен босату туралы бұйрық бередi. Осы жерде мына нәрсеге ерекше мән беру керек. ҚР Денсаулық сақтау министрi Ж.Досқалиев таяудағы сұхбаттарында бiр шындықты ашық айтты: «Бiздiң медицинада орын алып жатқан былықтар жоқ дей алмаймыз. Кейде сондай сорақылықтарды қолдан жасау, әдейi ұйымдастыру жағдайы кездесiп тұрады. Бiрақ бұл келеңсiздiктер туралы жоғары жаққа, министрлiкке анық, толық ақпараттар жетпейдi. Сондықтан да жол берiлген, Қазақстан медицинасына қара дақ жағатын қателiктердi дер кезiнде түзей алмай қаламыз». Демек, министр мырзаның қаперiне Жамбыл облысының денсаулық сақтау саласында болып жатқан күрделi мәселелердi жеткiзу бiздiң азаматтық борышымыз саналатыны түсiнiктi. Дүйсенбек АЙБЕКОВ, Жамбыл облысы
|